Түйе мен шыбын. Теңге НЕГЕ Украина мен Ресей соғысының басты құрбаны болуы мүмкін?

05 сәуір, 18:45

Фото: Nege.kz

Украина НАТО-мен бірге «Defender Europe 2021» әскери жаттығуын өткізбек. Ресей оған жауап ретінде шекара маңына қосымша күштер топтастыра бастады. Егер екі ел арасындағы кикілжің үлкен соғысқа айналып кетсе, Қазақстанның экономикалық жағдайы қиындамақ.

Рубль мен Ресей импортына тәуелділік Қазақстанды сыртқы факторлар алдында әлсіз елге айналдырып жіберген. АҚШ пен Еуроодақ санкциялары Ресейге салынғанымен, Қазақстанға да теңгенің құнсыздануы мен инфляция ретінде соққы болып тиеді.

Тақырыпқа орай: Түркі әлемі VS Орыс әлемі. Мәскеуді Анкараға алмастыру Қазақстан экономикасы үшін НЕГЕ маңызды?

«Ауқымды соғыс басталған жағдайда, біз үшін оның салдары өте қайғылы болады», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Атап айтқанда, Батыс Ресейге қарсы SWIFT жүйесінен ажырату мен мұнай-газ сатып алуға эмбарго қою сынды санкциялар жариялауы мүмкін».

«Бұл рубльге және Ресей экономикасына, сондай-ақ біздің экономикаға өте ауыр тимек. Ұлттық банк қазірдің өзінде «рубль қақпаны» туралы айта бастады. Теңгенің рубльге қатысты 1 пайызға нығаюы Ресейден келетін импорттың 0,65% -ға ұлғаюына, ал керісінше, теңгенің рубльге қатысты 1 пайызға әлсіреуі Қазақстандағы инфляцияның 0,85% -ға өсуіне әкеліп отыр. Демек, Ресей тауарлары импортының өсуі Қазақстандағы жұмыс орындарының жоғалуын, ал инфляцияның өсуі біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің төмендеуін білдіреді»

Украина президенті Владимир Зеленский. Фото: АР

«Ресейдің көңіл-күйі онсыз да жақсы емес», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық. Оның айтуынша, санкциялар Ресейдің жағдайын нашарлата бермек.

«Бұның барлығы рубльді қатты құнсыздандырып жібереді. Ол теңгеге де әсер ететін болады»

Сарапшылар, Ресейде де, Қазақстанда да халықтың кедейлік шегінде отырғанын айтады. «Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылдың қортындысы бойынша халықтың азық-түлікке құртатын шығындары жағынан есептегенде Қазақстан әлем бойынша алға шығып отыр», – деп жалғастырады Марат Қайырленов.

«Халық тапқанының 54 пайызын тамаққа жұмсайды, ал 2021 жылдың 1-тоқсанындағы бағаның күрт өсуі халықтың толық кедейленгенін білдіреді»

Экономисттің айтуынша, эмбарго біздің экспорттың көптеген салаларын жойып жіберуге қауқарлы. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығының артуын, онымен бірге экономикалық өсуге деген үмітімізді толық өшіретін болады.

Ондай жағдайда экономикамыз басыбайлы Қытайға тәуелді болу қаупі зор...

#украина #нато #путин
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации