Триллион бар, жұмыс жоқ. Үкімет ақша аямаса да, жұмыссыздық НЕГЕ қысқармай отыр?

29 қыркүйек, 07:49

Фото: Nege.kz

Осыдан екі ай бұрын Қазақстанда 700 мың адам жұмыссыз жүрді. Үкімет жұмыспен қамтуға триллион теңге жұмсамақ. Бірақ осы қаржыны жұмсау жолдары жұмыссыздықты азайтады дегенге сарапшылар сенбей отыр.

Бізде маман даярлау, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамту көзделген қазіргі «Еңбек» бағдарламасына қосымша, инфрақұрылым нысандарын салу мен дамыту есебінен жұмыс орындарын құратын «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр.

«Үкімет жұмыспен қамту бойынша екі бағдарламаны іске қосу қажеттігін әртүрлі іс-шаралар аясымен түсіндіреді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы дағдарысқа қарсы және уақытша, яғни 2 жылға әзірленген дейді. Дей тұрғанмен, жұмыспен қамту мәселелері бойынша екі бірдей бағдарламаны қатар іске асыру – нонсенс», – деп жазады Ekonomist.kz авторы Жанат Нұрғалиев.

Оның деректері бойынша, биыл «Еңбек» бағдарламасының шығындары 30 миллиард теңгеден 80 миллиард теңгеге өскен. Ал ЖҚЖК-ға тек осы жылдың өзінде республикалық бюджеттен 300 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, облигацияларды шығару арқылы тағы 700 миллиард теңге бағытталмақ. Сонда адамдарға жұмыс тауып беру үшін 1 триллион теңге жұмсалатын болады.

«1 трлн теңгені жұмсау тек 15 мың тұрақты жұмыс орнын құруға сеп болады, ал 242 мың адам бірнеше айға ғана жұмыспен қамтылады»

«Жалпы үлкен бір нысан салу арқылы адамдарға жұмыс тауып берем деу өте қате қадам», - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Бір нәрсені түсіну керек. Ол ақша бәрібір қарапайым жұмысшыларға жетпейді. Ірі басшылар деңгейінде талан-таражға түседі. Жұмысшылар нысан салынып жатқан 1-2 жыл бойы өмірге сүруге жетер-жетпес жалақыны місе тұтады. Ал құрылыс біткеннен кейін қайтадан жұмыссыз жүреді».

Жұмыссыздықпен күрес – кедейлікпен күрес болуы тиіс. Өкінішке қарай, мемлекеттің көмегімен ашылып жатқан жұмыс орындарындағы жалақы адамды кедейшіліктен құтқара алмайды.

«Есеп комитетінің 2016 жылғы тексеру нәтижелері бойынша, инфрақұрылымдық жобаларға барлық бағдарламаның 88% қаражаты бөлінгені, ал оларға қатысушылардың тек 5%-ы жұмысқа орналасқаны айтылды», – деп жалғастырады Жанат Нұрғалиев.

«Есеп комитеті тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі бағдарлама тиімділігінің төмендігін атап өтті және көздеген мақсатқа қол жеткізілмегенін ескертті. Қорытынды: 2020-2021 жылдарға арналған ЖҚЖК-да бұрынғы бағдарламалардың қателіктері ескерілмеген»

Триллион – аз ақша емес. Біздегі бюрократияның қырсығынан ол игерілмей қалуы мүмкін. Экономистер атап отырған тағы бір елеңдерлік жайт, ЖҚЖК бойынша жоспарланған жобалар мен іс-шараларға қатысты ақпарат еш жерде жоқ. Сонда халық триллион теңгенің қалай жұмсалғаны, нақты кімнің жұмысқа тұрғанын білмей қалуы да мүмкін.

Nege.kz есебінше, ең үлкен қауіп – халықтың ақшасына шетелдіктерді жұмысқа алу. Мұндай қулықтар өте көп және әкімдіктер көп жағдайда оны аңғармай қалып жатады. Немесе әдейі аңғарғысы келмейді. Бұл, әсіресе, қытай компанияларына қатысты. Біздің адамдарды жұмысқа алу деген сылтаумен қаржы бөлінеді, ол түрлі құрылысқа жіберіліп, шетелдік фирмалар тендерлерді ұтып алады. Сол тендерден түскен халықтың қаржысы үлкен жалақы ретінде шетелдік жұмысшыларға төленіп жатыр.

Егер «дағдарысқа қарсы» деп аталып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасында дәл осы үрдіс қайталатын болса, онда біздегі жұмыссыздардың санын азайту «орындалмайтын миссия» болып қала бермек.

#еңбек #үкімет #жұмыссыздық
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации