Нөлден төмен. Коронавирус құлатқанды НЕГЕ тұрғыза алмай отырмыз?

22 қаңтар, 08:23

Фото: Nege.kz

Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексі минус 50 пунктке құлдыраған. Соңғы айларда өсуі тиіс еді, бірақ төмендеп барады.

Ұлттық Банк жүргізген өлшем нәтижелері бойынша, желтоқсан айында іскерлік белсенділік индексі қараша айымен салыстырғанда бірнеше тармаққа төмендеп, 49,0 пунктін көрсеткен. Мысалы, ол көрсеткіш қарашада 49,4 болған еді деп жазады Ekonomist.kz.

Карантиннен кейін белсенділік индексі тезірек өседі деген үміт болған. Бірақ қалпына келу тым баяу жүруде.

«Осы жылдың сәуірінде бизнестің шектелуіне байланысты болған минималды деңгеймен салыстырғанда, желтоқсандағы көрсеткішті қалпына келу деп санауға болады. Алайда, бұл қалпына келудің траекториясына қарап, 2021 жылы қазақстандық өндірушілерге оптимизм тез арада орала қоймайды деуге негіз бар», – дейді материал авторы Сергей Домнин.

Іскерлік белсенділік индексі – экономиканың нақты секторындағы жағдайды сипаттайтын және тенденциялардың динамикасын болжауға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіштердің бірі. Көрсеткіш Ұлттық Банк жүргізген ай сайынғы сауалнама нәтижелері бойынша есептеледі. Онда кәсіпорындар нақты өндірген көлемдерін хабарлап отырады.

Былтыр осы сауалнамаға 452 кәсіпорын қатысқан. Олардың 48 проценті түрлі қызмет көрсетеді, 38%-і өнеркәсіп саласында, ал 14%-і құрылыс саласында жұмыс істейді.

2021 жылы Қазақстан экономикасы толық қалпына келеді деу қиын. Дүниежүзілік банктің экономикамыздың биылғы өсімін 2,5% деңгейінде бағалап отырғанын жазған едік.

Жалпы, осы трендтер сақталса, біз коронавирустан жоғалтқанымызды тек 2022 жылы ғана қайтарып алуымыз мүмкін.

#индекс #экономика #коронакризис
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации