Бір қадам алға, екі қадам артқа. 2020 жылы халық НЕГЕ ұтылды?

12 қаңтар, 14:46

Фото: Nege.kz

Бүгін 2020 жылдың экономикалық қортындысы шықты. Ішкі жалпы өнім 2,6 процентке құлаған. Нақты сектор өсіп, есесіне, сауда жойылып кеткен.

Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады. Оның айтуынша, жағдайды барынша сақтап қалуға экономиканы қолдаудың ауқымды шаралары, өндіруші емес секторлардағы инвестициялық белсенділік, нақты сектордың өсуі, сауда балансының оң сальдосы, сондай-ақ экономиканы кредиттеудің ұлғаюы көмектесті.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. Фото: kapital.kz

«2020 жылдың қорытындылары ағымдағы жылғы экономикалық өсудің берік негізін қалайды», – дейді Руслан Дәленов.

«2020 жылы нақты сектор экономикалық драйверге айналып, 2%-ті құрады. Көрсетілетін қызметтер саласы үшін жыл минус 5,6%-пен аяқталғанмен, соңғы айларда динамика орныға бастаған. Нәтижесінде, ЖІӨ өсу қарқыны минус 2,6% болды. Бұл 11 айдағы динамикадан жоғары. Нақты сектор салаларының көбі дерлік және жекелеген қызмет түрлері оң өсу қарқынын көрсетті. Олар құрылыс (11,2%-ке өсу), ақпарат және байланыс (8,6%), ауыл шаруашылығы (5,6%), өңдеу өнеркәсібі (3,9%) және білім беру (2,3%) салалары»

Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, экономика құрылымы сапалы өзгеріске түскен. 2020 жылы өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеудің үлесі 48,8% көрсеткен. Жеңіл өнеркәсіптің, автомобиль жасаудың және дайын металл бұйымдарының екі есе өсуі байқалады. Өңделген, дайын тауарлардың экспорты ұлғайды. Нәтижесінде қазақстандық тауарлардың үлесі 4,7 процентке өсті.

 

«Макроэкономикада мен болжағандай негізгі көрсеткіштер өте жақсы шыққан. Бірақ біздің экономиканың бір қызық ерекшелігі бар. Макроэкономикадағы жақсы нәтижелер еш уақытта халықтың жағдайын байқатпайды», – дейді Nege.kz шолушысымен бірге әлеуметтік-экономикалық даму қортындыларын саралаған экономист Айдархан Құсайынов.

«Қортындыда «Нақты сектор экономиканы алға сүйреді» деп жазылған. Ол көбіне пайдалы қазбалардан, әсіресе, металл өндірісі мен оны өңдеудің өсуінен келген жетістік. Бірақ, бұл салада жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 500 мыңнан аспайды. Аз адам жұмыс істейтін салалар өсіп, көптеген азаматтар қызмет ететін салалар күйреген. Сондықтан 2020 жылы халықтың жағдайы өте нашар болды».

Пандемия салдарынан құлдыраған сауда мен транспорт, көлік байланысы салаларында 5 миллионнан астам ел азаматтарының қызмет ететінін ескерсек, шын мәнінде экономикалық белсенді халықтың жартысы табысын жоғалтқанын аңғаруға болады.

Енді бар үміт биылғы жылда. Биыл транспорт пен сауда карантин кезінде жоғалтқан үлесін қайтару үшін кем дегенде 50% өсім көрсетуі тиіс. Бірақ халықтың біраз бөлігі қашықтан жұмыс істеп, онлайн оқып жатқанын ескерсек, аталған салалар қарыштап өседі дей алмаймыз. Сондықтан биыл халықтың шығыны тек жартылай ғана қалыпқа келуі мүмкін.

Онда мемлекет өз орнында қалған болып шығады да, ал халық екі қадам артқа бір қадам алға баспақ.

#экономика #дәленов #қортынды
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации