Қарыз күліп келіп, жылап қайтады. Үкімет НЕГЕ жарты триллион теңгеге «қораға» кірді?

27 қазан, 08:11

Фото: Nege.kz

Өткен аптада Қазақстан қор биржасы дүр сілкінді. Алдымен әкімдіктер 200 миллиард теңге, одан кейін Қаржы министрлігі 40 миллиард теңге, ал артынан Ұлттық Банктің еншілес ұйымы 200 миллард теңгеге облигациялар орналастырды.

Облигациялардың кірістілігі 6 пайыздан басталғанын ескерсек, табысы инфляциядан төмен ондай құнды қағаздарды нарықтағы жекеменшік ойыншылардың сатып алмайтыны түсінікті. Онда үкіметке арзан пайызбен кім қарыз беріп отыр? Қазақстан халқы. Дәлірек айтсақ, Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Қазақстандағы өңірлердің әкімдіктері 200 миллиард теңгені «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүргізуге алып отыр. Былайша айтқанда, халықтан қарыз алып, ол ақшаға халыққа жұмыс тауып беруі тиіс.  «Өңірлерді инфляциядан төмен пайыздағы деңгейде қаржыландыру туралы үкімет шешімі батыл екенін мойындауымыз керек», - деп жазады, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. «Бұл шарасыздықтан туған шешім. Сонымен қатар, бұл аймақтар мен экономиканы соңғы жылдары пайда болған шұңқырдан шығарудың жалғыз жолы болып отыр».

«Бұл арзан қаржыны әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін әкімдіктер баяғыдан бері көксеп келген еді. Енді, ол жобалардың нақты атқарылған жұмыстарын, алға қойылған міндеттердің орындалғанын немесе орындалмағанын көргіміз келеді. Жобалардың толық тізімі жариялануы керек»

«Дағдарысқа тап болғанда мемлекет шығыстарға барынша көп ақша құртуы керек және ол экономиканың базалық принципі», - деп түсіндіреді, Экономикалық бастаманы қолдау қорының сарапшылары. «Бұл жағдайда үкіметтің қадамы орынды. Бірақ оларда басы артық ақша жоқ. Сондықтан халықтың зейнетақы жинақтарынан қарыз алады».

«Ол қарыздың қайтарына еш күмән жоқ. Оған мемлекеттік кепілдік бар. Бірақ инфляцияның 7,1% көрсетіп отырғанын ескерсек, мысалы 6,1% сыйақы салымшыларға нақты кіріс әкелмейді. Бұл жағдайда баланс саясаты жүргізіліп отыр. Әкімдіктерге 200 миллиард теңге халыққа жұмыс орындарын сақтау берілген. Ақша халыққа кеткендіктен, салымшылар ондай кірістілікке шыдай тұрады деген принцип бар»

Nege.kz есебінше, бұл жердегі ең басты фактор – осы қаржының дұрыс жұмсалуы. Мақсатсыз талан-таражға салынатын болса, онда жемқорлардан басқасының бәрі ұтылады. Үкімет өз дегеніне жете алмайды, ал халық тағы желінеді. Сондықтан әкімдіктер қарызға алған қаржының әр тиыны Есеп комитетінің жіті бақылауында болуы тиіс.

#БЖЗҚ #биржа #әкімдіктер
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации