Ипотека рекорды. Сарапшылар НЕГЕ «көпіршік» үрленіп кетеді деп қорқады?

19 қараша, 12:10

Фото: Nege.kz

Ипотека нарығы коронакризис пен карантиннің әсерін елемей, ай сайын өсіп барады. Ол бір жағынан қуантса, екінші жағынан мұның жасырын қаупі де пайда болды.

Коронавирус «таққа отырған» 2020 жыл елдегі ипотека үшін рекордтар уақыты атанды. Негізі олай болмауы тиіс еді. Себебі биылға қарағанда, 2019 жылы баспана көп салынды, кризис болмады, экономика қарқынды өсіп отырды. Соған қарамастан, Ұлттық Банк мәліметіне сай, азаматтар биылғы қыркүйекте 110,9 миллиард теңгеге ипотека алған. Бір айда ғана! Бұл – абсолютты рекорд.

«Рекордтың қайта-қайта жаңаратынына сенбейміз. Бұл – кейінге қалдырылған сұраныс немесе азаматтардың теңгеден қашып, ақшаларын тұрақты активке саламын деген ұмтылысы», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

Nege.kz ең алдымен ипотека мен тұрғын үй нарығында кезекті спекулятивті «көпіршіктің» пайда болу мүмкіндігін анықтауға күш салған. Егер шынымен көпіршік үрленіп жатса, онда нарық бір күні жарылады және тағы да кризис пен дефолттарға тап болмақ.

«Меніңше, қазір көпіршік туралы айтуға ерте. Бұл күндері үй алып жатқан азаматтар сол баспанаға зәру немесе оны кеңейту қажет болып отырғандар», – деп «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов күдікті сейілткендей болды. Оның айтуынша, қазір адамдар баспананы арзан тұрғын үй сегментінде алып жатыр. Және көптеген мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп, осыған мүмкіндік беріп отыр.

«Егер азаматтар үйді алып-сату үшін, инвестициялық мақсатта көбірек сатып ала бастаса, сол кезде көпіршік туралы айтуға болады. Бірақ көпіршік пайда болады дегенге елдегі инвестициялық ахуалды және экономиканың болашағын ескере отырып, күмәнмен қараймын. Керісінше, пәтерлердің көбірек сатылымға шыққанын көретін боламыз. Хабарландыру сайттарынан ірі қалаларда көптеген пәтерлердің сатуға қойылғанын көруге болады. Демек, бірнеше пәтер ұстап отырғандар перспективаның нашарлағанын түсініп, жылжымайтын мүліктерін сатып жатыр»

«Қазіргі уақытта тұрғын үй нарығы өсіп келеді. Ипотекалық несие саласында көпіршік пузырь әлі пайда болған жоқ», – дейді Nege.kz шолушысына барынша жағдайды түсіндіруге тырысқан тәуелсіз сарапшы Талғат Байдосов. «Себебі жалақы мөлшері мен жылжымайтын мүлік құны арасындағы пропорция өз шегінде тұр. Бірақ үй бағасы бұдан әрі жоғарыласа, баспана құны мен халықтың табысы арасындағы алшақтық өсе беретін болады».

«Бұл сайып келгенде, нарықтың қызып кетіп, көпіршіктің үрленуіне әкелмек. Әрине, ол 2007-2008 жылдардағыдай болмайтын шығар. Бірақ қазіргі үлкен фактордың бірі – коронавирус. Ол жұмыссыздық көлемін арттырды. Оған девальвация мен өмір сүру бағасының өсуін қоссақ, ақыр соңында халықтың ипотекалық несиені төлейтін ақшасы болмауы да мүмкін»

Сонымен, қазір көпіршік жоқ, бірақ оның пайда болу мүмкіндігін сарапшылар жоққа шығармайды. Бұл орайда, біз үшін қазан мен қараша айларының қортындысы бойынша ипотека нарығының динамикасымен танысу маңызды. Әзірге ол статистика дайын емес.

Nege.kz есебінше, келесі жылы ипотека мен тұрғын үй нарығына зейнетақы қорында жинақталған қаржыдан 350 миллиард теңгеден астам сома келмек. Дәл осы кезде рекорд тағы жаңаруы мүмкін. Және сол уақытта сатылымдағы пәтерлер саны қысқарса, қысқа мерзімді дүрбелең тууы мүмкін.

#ипотека #пузырь #дефолт
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации