«Бітпейтін банкомат». Үкімет НЕГЕ Ұлттық қорды талан-таражға салуда?

04 мамыр, 16:02

Фото: Nege.kz

Мемлекеттік бюджеттің жағдайы қиын және оны жасыру қиындап барады. Үкімет Ұлттық қордан алынатын трансфертті бұған дейін жоспарланған 1 триллион теңгеден 1,85 триллионға дейін арттыруды көздеп отыр. Тиісті жарлықтың жобасы әзірленіп, Президент қарауына жіберілетін болады.

Ұлттық қор қаржысының 350 миллиард теңгесі «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана салуға, 630 миллиарды тегін медициналық қызметке, 140 миллиарды моноқалаларды дамытуға жұмсалмақ. Одан бөлек шығындардың тағы 68 бабы бар.

Бюджеттің қиын жағдайда екенін былтырғы жылдың картинасынан көруге болады. Бюджет табысы оның шығынының тек жартысын ғана жаба алған. Шығынның қалған 25 пайызын Үкімет Ұлттық қор есебінен жапқан, ал қалған 25 пайыздың жыртығын жамау үшін сырттан қарыз алған.

«Одан басқа жол жоқ, біз Ұлттық қорға қол сұғуға бәрібір мәжбүрміз. Бірақ бұл мүлде дұрыс емес», – дейді Nege.kz шолушысымен сөйлескен TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев. «Мемлекетіміз осылай өмір сүруін жалғастыра беретін болса, алдағы 5 жылда Ұлттық қорымыз таусылатын болады. Ал одан кейін тек өз шамамызға қарайтын боламыз. Ал бұл – өте ауыр жағдай».

«Бізге мінезімізді өзгертіп, жинақтау үлгісіне көшу керек. Ал егер шығындарды азайта бастасақ, біріншіден, әлеуметтік саланың шығындары қысқаратын болады. Бұл жағдайда мемлекет сырттан қарыз алуға баруы мүмкін. Қарызбен біз тағы 10 жыл өмір сүре аламыз. Ал одан кейін еліміз аукциондағыдай талан-таражға түсетін болады»

Ал экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, Ұлттық қордан ақша алуымыз жалғаса бермек. Өйткені ол қисық экономиканы құлатпай ұстап тұру үшін, уақыт созу үшін керек. «Экономикалық саясат пен ақша-кредит саясатының теңгерімді балансы бұзылған. Картина өзгермейді, біз дефицитсіз бюджетке қол жеткіземіз деп жариялаймыз да, Ұлттық қорға қол сұғуымызды жалғастыра береміз», – дейді экономист.

«Бірақ мұның бәрі түптің түбінде үлкен дағдарысқа алып келеді. Себебі қисық экономика ұзақ өмір сүре алмайды. Қай жерінен жарып шығары белгісіз, мүмкін тұрғын үй нарығы ма, әлде қор нарығы ма, біреуінен дағдарыс басталатыны анық»

Қазір Ұлттық қорда 57,7 миллиард доллар бар. Жыл басынан бері Үкімет 1 миллиард доллар жаратып үлгерген. Ал 2020 жылы Ұлттық қор 3,1 миллиард доллар жоғалтқан еді.

Енді трансферттер көлемі ұлғаятындықтан, 2021 жылы Ұлттық қордан алынатын сома былтырғыдан да артып кетуі ықтимал.    

#ұлттыққор #трансферт #үкімет
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации