Бір биткоин – бір пәтер! Криптовалютаның құны НЕГЕ аспандап барады?

30 қараша, 08:33

Фото: Nege.kz

Биткоин биржада 19 мың доллардан асып, соңғы күндері қайта құлады. Биткоинның өсіп-құлауы криптодержаваға айнала бастаған Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ең қызығы, биткоинның бағасы бір күнде 2-3 мың долларға еркін құбыла береді. Криптобиржа инвесторлары да оған бой үйретіп алған сияқты. Қазақстанның биткоинді әзірлеуге қатысы бар, себебі әлемдегі хэшрейт, криптоөндірістің 6 пайызы біздің елімізге тиесілі. Үкімет біздегі майнинг бастамаларды жақсы қолдап отыр.

«Менің шамалауымша, криптовалютаның өсу себебі қарапайым. Капитал нарығында қайта бөліс басталды. Және біраз капитал осы криптовалюта бағытына ауып барады», – деп түсіндіреді TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.

«Биткоин ғана емес, нарықтың барлық спектрінде басқа да криптовалюталар белсенді өсуде. Капитал қор биржаларынан кете бастады. Мысалы, S&P500 америкалық акциялар индексі қазір өзінің ең жоғарғы рекордтық деңгейінде саудаласуда.

«Бұл өте қауіпті болып барады. Сондықтан, болашағын ойлаған инвесторлар перспективасы бар бағыт – криптовалютаға ауысуда»

Биткоиннің өсуі, жалпы криптовалюталар нарығының дамып, осы салаға инвесторлардың назар аударғаны Қазақстан үшін өте тиімді. Себебі, біз әлемдегі криптоөндіріс көлемі бойынша алғашқы бестікке енеміз. Біздің алдымызда тек Қытай, Ресей мен АҚШ қана тұр. Елімізде майнингке салық салынбайды әрі криптоөндіріске ауадай қажет электр энергиясы басқа елдермен салыстырғанда өте арзан.

Дереккөз: tradingview.com

Nege.kz бағалауынша, Қазақстанда криптовалюта майнингімен айналысатын 16 компания бар. Олардың көбі Алматы мен Қарағанды облыстарының аумағында орналасқан. Жалпы криптосалаға еліміз жақын жылдары 300 миллиард теңге инвестиция тартуды көздейді. Ол майнинг фермалардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажет. Біздегі құрылғылар күн санап ескіріп барады. Осы жағынан алғанда, егер биткоинның бағасы өсе беретін болса, біздің криптосаламыз да инвесторлар үшін тартымды бола түспек.

Бірақ қанша дегенмен, криптовалюта біздің теңгені ауыстыратын құрал ретінде қарастырылып отырған жоқ. Қазақстан үкіметінің криптовалютаны IT-индустрия ретінде дамытқысы келетінін көріп отырмыз. Ал биткоиннің монетарлы ақша құралы ретіндегі перспективасына барлық орталық банктер сынды Ұлттық Банк те үлкен күмәнмен қарайды. Оның орнына еліміз теңгенің электронды түрі – CBDC моделін қарастырып отырғанын мұның алдында жазған болатынбыз.

«Бізде блокчейн туралы көп айтады. Бірақ іс жүзінде ештеңе істелмей отыр», – дейді,\ Арман Бейсембаев. Оның сөзінше, технологияның өзін елемеуге болмайды. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, барлық елдер блокчейнді пайдаға асыратын болады.

Бірақ бізде әзірге ондай нақты жүзеге асырған жобалар жоқ. Цифрлі вице-премьер Бағдат Мусин әлі үнсіз отыр.  

#биткоин #мусин #криптовалюта
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации