Баланс бітті. Құбыла беретін сауда балансы НЕГЕ қауіп төндіріп отыр?

17 қараша, 15:48

Фото: Nege.kz

Қазақстанның сауда балансы құлап барады. Профицитке үйреніп қалған еліміз биыл үшінші тоқсанда дефицитке тап болды. Оның салдары қандай болмақ?

10 айдың қортындысы бойынша сауда балансының профициті 7,8 миллиард доллар болды. Профициттің дефицитке айналмағаны қуантса да, былтыр дәл осы көрсеткіш 14,1 миллиард доллар болғанын ұмытпау керек. Бір жылдың ішінде оң баланс екі есе азайған. Оған соңғы төрт айдың көрсеткіштері жағымсыз әсер етті. Соңғы төрт айда сауда балансы 2,1 миллиард доллар минусқа кетті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, мұндай тоқсандық дефицит соңғы рет ел тарихында 1995 жылы ғана болған. Ұлттық Банк сәл басқаша цифрлар келтіреді. Ұлттық Банктің төлем балансы департаменті директоры Азат Өскенбаевтың айтуынша, олар қолданатын әдістемеге сәйкес, бұл 1999 жылдан бері болған екінші тапшылық.

Статбюро мен Ұлттық Банктің әдістемелері әртүрлі болса да, бір нәрсе анық. Төлем балансы профицитінің азаюы біз үшін жақсы белгі емес.

«Сауда балансы – импорттың ақшалай көлемін алып тастағанда қалатын экспорт көлемі. Оның теріс сальдосы біздің экспортқа қарағанда тауарлар мен қызметтерді көбірек импорттай бастағанымызды білдіреді», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. «Бұл елімізде мұнай мен метал бағасының төмендеуіне байланысты болса керек».

«Егер бізде теріс сауда балансының мерзімі бір тоқсаннан асып кетсе, әрі төлем балансы да теріс болса, онда Ұлттық Банк араласпаған жағдайда бұл теңге бағамына қысым көрсетеді. Ал осы жылдың қортындысы бойынша сауда мен төлем балансының дефицитіне тап келетін болсақ, үкімет не ұлттық валютаны әлсірету керек, не жедел құрылымдық экономикалық реформалар бастауы тиіс. Бұл – өте қиын таңдау»

«Меніңше, төлем балансының ағымдағы шоты әлі үлкен қысымның астында қалып отырған жоқ», – деп жазады, қаржы сарапшысы Владислав Туркин. «Кірістер шамалы өссе, біз осы жоғалтқанымыздың есесін қайтара аламыз».

«Жалпы, валюта бағамының қалыптасуына кедергі келтіруге немесе бұрмалауға бағытталған әкімшілік шаралар сауда дисбалансын одан әрі күшейтуі мүмкін. Біздің ағымдағы шоттың жағдайы көбінесе шикізат экспортымен анықталады. Бұл балансты басқарудың әлсіздігін білдіріп отыр»

Бір сөзбен айтқанда, сауда балансындағы профицитті жоғалтпауымыз керек. Егер баланс кері кетсе, онда теңге бағамына үлкен қауіп төнеді. Ондай жағдайда Ұлттық Банк теңгені өз бағамында ұстап қалуға шешім қабылдауы мүмкін. Ол шешім резервтерімізді жағып жібермек.

Расул Рысмамбетовтің айтуынша, «біздің ұзақ мерзімді реформаларымыз нәтиже берген жоқ». Сондықтан валюталық реттеу қатаңдамаса, салдары өте ауыр болмақ.

#сауда #бюджет #баланс
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации