Арабтар түсіністікпен қарады. НЕГЕ Қазақстанға ОПЕК+ келісімін өз пайдасына шешуге мүмкіндік берілді?

06 қаңтар, 14:45

Фото: Nege.kz

ОПЕК+ отырысы Қазақстан үшін сәтті аяқталып, картель елдерінің ішінен тек біздің ел мен Ресей ғана мұнай өндіру көлемін көбейтуге мүмкіндік алды. Бірақ ОПЕК тәуліктік өндірісі сол қалпында қалмақ. Сауд Арабиясы жеңілдік жасап, тиісінше өз өндірісін қысқартуға келісті.

Демек мұнай бағасы өз қалпында қалады, ал Қазақстан тәулігіне қазіргіден 10 мың баррельге көп мұнай өндіре алады. Бір сөзбен айтқанда, бізге тәулігіне 1,4 миллион баррель өндіруге рұқсат беріліп отыр.

«Постпандемияға толықтай өтпеген қазіргі жағдайда біз өзімізге ауадай қажет екі мәселені шеше алдық», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары.

«Ең алдымен, ақпан мен наурыз айларында жалпы ОПЕК мұнай өндірісі ұлғаймайды. Ол баяғыдай тәулігіне 22,1 млн баррель деңгейінде қалады. Бұл брент бағасын барреліне кем дегенде 50 доллар төңірегінде сақтап тұруға септеседі. Екіншіден, ОПЕК біз үшін мұнай өндіру лимитін ұлғайтқандықтан, әрі бағасы да тиімді болғандықтан, Қазақстан өзінің Ұлттық қорын толықтырып алуға мүмкіндік алып отыр».

«Ұлттық қордың қандай маңызға ие екенін коронакризис көрсетіп берді», – дейді ЭБҚҚ сарапшылары. Демек, Ұлттық қорды жинақтау және дағдарыс кезінде бюджеттік трансферттерді көбейтіп, мемлекеттік шығыстарды арттыру арқылы кризистен шығу стратегиясы болашақта да жұмыс істей беретін болады.

Қазақстанның Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ОПЕК + келісіміне жоғары баға берді. Оның айтуынша, картельге қатысушы елдердің бірлескен күш-жігері 2020 жылы әлемдік мұнай нарықтарындағы бағаны тұрақтандыра алды. Ал қазіргі қолданыстағы келісім мұнай саласына оң серпін беруді жалғастыруда.

Сарапшылар ОПЕК+ соңғы видеоконференциясын Қазақстанның үлкен жеңісіне балайды. Келесі отырыс ақпан айының басында өтпек. Егер мұнай бағасы тұрақты болса, біз Ұлттық қордың біртіндеп көбейе бастағанын көретін боламыз.

#опек #ноғаев #мұнай #пандемия
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации