«Транзишн». Жыныс ауыстырғанның жазасы қандай?

07 сәуір, 16:49

Фото: ғаламтордан

«Жыныс ауыстыруға рұқсат беріледі» деген жаңалық жұртты дүрліктірді. Естеріңізде болса, 2020 жылдың 25 қарашасында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен жыныс ауыстыруға рұқсат етілген болатын.

Министр Цойдың бұл бастамасына қарсылардың көші басым. Өйтпегенде ше? Қазақы қанымызға жат үрдісті заң бойынша бекіту талай адамның ашу-ызасын келтірді. Біздің қазақи ортада, жалпы Қазақстанда мұндай отаға сұраныс бар екені ащы да болса шындық. «Сұраныс болмаса, ол заң жүзінде бекітілмес еді ғой» деген ой да осы кезде туындайды. 

Алексей Цой жыныс ауыстырудың ережелері жазылған бұйрыққа қол қойды. Ол жерде жынысты неше жастан бастап ауыстыруға болатыны және қандай адамдарға рұқсат етілмейтіні, т.б. талаптары көрсетілген. 

Әлгі бұйрықта жынысын 21 жасқа толған және қабілетті гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдар ауыстыра алады деп айтылған.

Жынысын ауыстырғысы келетіндер психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға жазбаша өтініш жазады. Психиатр дәрігер науқасты және оның бар құжаттарын тексереді. Егер тексеруден өткен адамның психикалық жағдайына күмән туындаса, психиатр оны Қазақстан Республикасының тұрғындарына психикалық денсаулық сақтау саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес, медициналық ұйымға стационарлық тексеруге жібереді.

Енді ер болам десең де, әйел болып өзгерем десең де, өз еркіңде. Ешкім шектеу қоймайды. Қазіргі адамдардың психологиясына салатын болсақ, кім қалай өмір сүргісі келесе, өзі шешеді. Ең бастысы, адам өзін бақытты сезінсе болғаны. Бірақ, бұл дұрыс па? Адамның өзінің табиғи болмасына, Алланың нәсіп еткен жаратылысына қарсы шыққаны ақылға қона ма? Әйелдің еркек болғысы келгені немесе еркектің әйелге айналғаны психикалық ауытқушылыққа жата ма? Ондай адамдарды ауру деп қарағанымыз жөн бе?

Ал Ислам дінінде еркектің әйел немесе әйелдің еркекке айналуына рұқсат бар ма?

Наурызбай қажы Тағанұлы

Бұл сауалға Бас мүфтидің өзі жауап берді. Ол бұны азғындықтың ең ауыр түрі деп атап, оған жол бермеуге шақырды. Наурызбай қажы Тағанұлы жыныс ауыстырудың шариғатта күнә екенін түсіндерді.

«Бұрын өз жаратылысынан жеру деген жағымсыз істі жат жұрттан көріп, жағамызды ұстаушы едік. Өткен жолы Алматы көшесінде өз құқығын желеу еткендердің ЛГБТ-ның түрлі-түсті жалауын желбіретіп жүргені арқамызға аяздай батты. Енді жыныс ауыстыруға ресми рұқсат берілгені қоғамның наразылығын тудыруда.

Жыныстық мүшені ауыстыру – өз жаратылысыңа қарсы шығу. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі.

Алла Тағала Құранда «Ниса» сүресінің 119-аятында лағынетке ұшыраған ібіліс шайтанның адам баласын азғыруы туралы былай деп ант ішкенін ескертеді: «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір етемін».

Демек, кім әзәзіл шайтанды дос тұтып, өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны», – деп жазды Наурызбай қажы Тағанұлы.

«Қазір өзіндік ойы мен таңдауы қалыптасқан, кейбір істерде үлкендердің ақыл-кеңесін қажет ете бермейтін буын өсіп келеді. Сол үшін ұлымызды намысты, жігерлі етіп, ал қызымызды мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерді келер ұрпаққа аманаттап тастап кетуіміз үшін, ұрпағымызға сол аманатқа қиянат жасап қоймайтындай тәлім-тәрбие бере білуіміз керек», – деді Бас мүфти.

Медицина тілінде жыныс ауыстыруды «транзишн» деп атайды. Яғни, ағылшын тілі­нен аударғанда «ауысу, өту» деген ма­ғы­наны білдіреді. Жаратылысында әйел бола тұра өзін еркек сезінетіндерді немесе тумысынан еркек бола тұра әйел рөлін алып жүргендерді жыныстық сәйкес­сіздігіне қарай, «трансгендерлер» дейді.

Психологтардың айтуынша, адамның жынысын ауыстыруына психологиялық, биологиялық, әлеуметтік факторлар әсер етеді екен. Егер балаңыздың бойында төмендегідей қасиеттер байқалса, ертерек дабыл қағуға кеңес береді. 

  • Өзін өзге жыныстың адамы ретінде есептеу;
  • Өзінің дене бітіміне көңілі толмау;
  • Қыз болса, ер адамдардың киімін кию немесе ұл бола тұра қыздардың көйлегіне қызығу.
  • Өзіне қарама-қарсы жыныстың ойыншықтарымен ойнау.

«Егер бала кішкентай күнінде жыныстық зорлық-зомбылық көрсе, ол да баланың жыныс ауыстыруына себепкер болады», – деп есептейді мамандар.

Ал психолог Ақнұр Ғанижанқызының айтуынша, балаға кішкентай күнінен бастап дұрыс тәрбие берген жөн.

Тәуекел Ақнұр Ғанижанқызы

«Қыздарды ұл сияқты киінідіріп қоятындарды байқаймыз. Оған әлеуметтік жағдай да әсер етеді. Мысалы, бір үйдің төрт ұлы болса, артынан ерген бесінші қыз солардың киімін киіп өседі. Кейбір отбасылар ұлдарын қыз сияқты қорғаштап, тәрбиелейді. Осылай өскен балалар көп жағдайда жасөспірім жасқа жеткенде өзінің өзге жынысты деп есептей бастайды», – дейді Ақнұр Ғанижанқызы.

Жыныс ауыстырудың белгілі бір тәртібі бар. Олар жарты немесе бір жыл көлемінде психологтардың бақылауынан өтеді екен. Бұған қатысты психолог бүй дейді:

«Егер оларға психологиялық емдеу әдісі көмектеспесе, жынысымды ауыстырамын деген шешімін өзгертпесе, олай етуге заң жүзінде толық құқы бар. Олардың психологиялық жағдайына келер болсақ, трансгендерлер көбіне депрессияға бейім келеді. Ол адамдардың бойында тұлғалар қақтығысы болуы мүмкін. Яғни мен өзімді осылай сезінемін, бірақ мені қоғам басқаша қабылдайды деп ойлайды. Суицидке бейім келеді. Сол себепті психология тұрғыда оларға жәрдем керек деп ойлаймын.

Зерттеу бойынша, жыныс ауыстырудың нақты 3 себебін атап көрсеткен. Біріншісі, балалық шағындағы психологиялық жарақат, екіншісі – мидан соққы алуы, үшіншісі – психологиялық аурулар.

Оның емі бар, бұл мәселені шешуге болады. Маман ретінде емес, адам ретінде айтар болсам, мен үшін бұл – қоғамдағы ерсі әрекет», – дейді психолог.

Әлем бойынша жыныс ауыстыру операциясы алғаш рет 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасал­ған. Бастапқыда жұбайының өтініші­мен әйел болып киініп, жаңа туындының кейіпкеріне айналған ол бірте-бірте әйел киімін үстінен таста­май­тын болған. Себебін сұраған жақында­рына ол өзін әйел кейпінде өте ыңғайлы сезінетінін айтқан. Ақыры Эйнар ота жасатып, есімін Лили Эльба деп өзгертеді. Нағыз әйел болып, бала туғысы келген ол бірнеше рет жатыр жасатуға да әрекет еткен екен.

Алайда бойына күшпен қондырылған жатырды жатырқаған ағзасы сыр беріп, көп ұзамай Эйнар өліп қалған екен...

#транзишн #дін #ислам
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации