Перуашев: Қазақ Республикасының атауын қайтару керек

20 қараша, 15:37

Фото: ғаламтордан

«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақ Республикасы атауын қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды Қазақпарат.

Алматы, NEGE. «Биыл Алаш автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ Республикасына 100 жыл толды. Алдымен қателесіп Қырғыз автономиялық республикасы деп аталып, бес жылдан кейін Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Жалау Мыңбайұлы және басқа да тұлғалардың арқасында республикамызға ұлтымыздың төл атауы қайтарылды. Өткен жылы «Ақжол» демократиялық партиясы Үкіметке бұл тарихи датаны ресми түрде атап өтуді және Қазақстан атымен қатар тоталитарлық Кеңес билігінің өзі мойындаған Қазақ Республикасы атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Ш. Уәлиханов атындағы тарих институты қолдады. Бірақ біздің шенеуніктер үнсіз қалды. Сонда да біз тарихи бірлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз», - деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы А. Перуашев партия құрылтайында.

Биыл мамыр айында «Ақжол» демократиялық партиясы Президент Қ.Тоқаевтың сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шараларын жалғастыру туралы тапсырмасына қолдау білдірді.

«Біз кеңестік-тоталитарлық биліктің қазақ халқына әдейі жасаған ашаршылықты халықаралық деңгейде зұлмат деп тануға шақырдық. Большевиктер әскерінің ұжымдастыру кезіндегі жүздеген қазақ көтерілісін жаншып-басуын, өз ауылдарын құтқарамын деп басын өлімге тіккен батырлардың ерлік істерін қайта қарау керек деп санаймыз. Тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін біз декоммунизация саясатын партиямыздың ресми бағыттарының бірі деп жарияладық», - дейді А. Перуашев. Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында партияның сайлауалды бағдарлама жобасы ұсынылды.

Партия төрағасы Азат Перуашев бағдарламадағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы екенін атап өтті.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации