Пара алған бұрынғы бас дәрігерге қатысты сот басталды

26 қаңтар, 15:45

Фото: inbusiness.kz

Батыс Қазақстан облысында былтырғы 29 қазан күні 7,8 млн теңге пара алды деп айыпталған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қаюповқа қатысты сот басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Орал. NEGE. Бұған дейін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ол 12-23 қазан аралығында сыбайласымен бірге медициналық құрал-жабдықты мемлекеттік сатып алу шартын жасау кезінде құжаттарға кедергісіз қол қойғаны үшін серіктестіктердің бірінен осындай сома алған. Соттың алғашқы аталған «ОрдаМед» ЖШС бас директоры Саржан Бөлековадан жауап алынды. Ол айыпталушының өзін «тендерден ұтып шығуға көмектеуімді сұрады» деген сөзімен келіспейді. Айтуынша, ол Қаюповпен былтырғы мамыр айында ғана басқармаға барғанда танысқан және таныса сала мұндай өтініш айтуы мүмкін емес еді. Керісінше, басқарма басшысы тендер сомасының 10 пайызын одан талап еткен, оны бермеген жағдайда компанияның медициналық құрал-жабдығы қабылданбайтынын және келешекте ешқандай тендерге қатыса алмайтынын естігесін серіктестік басшысы амалсыз келіскен. Ал сотта сыбайласы деп танылған Серік Тұралиевты Болатбек Қаюпов өмірінде екі-ақ рет, «ұсталу кезінде және сотта» көргенін мәлімдейді. Тұралиев айыпталушымен расымен де жақсы таныс болмағанын ішінара мойындайды, бірақ, ол басқарманың қаржы бөлімінің қызметкері Айдос Себепов арқылы екі рет қаражат апарып берген. Оның біріншісінде Тұралиев 3,4 млн теңге, екінішісінде 4,4 млн теңге береді және екеуінде де өзінің «қызметі» үшін бұл соманың 10 пайызын қалтасына басып отырады. Пара деп қарастырылып отырған қаржының бір бөлігін Қаюпов көлікте отырған кезде алды деп айыпталуда. Ол: «Айдос маған бір конверт ұсынып, «ұжымның сыйлығы» деп айтты. Мен мас күйде, әрі эйфория жағдайында болғандықтан оны алдым», - деп түсіндіреді экс-басшы. Сот процесі ашық өтуде. Келесі сот отырысы 1 ақпанға тағайындалған.
 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации