Пандемия сайлауға әсер етпей ме?

22 қазан, 18:55

Фото: google.com

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов коронавирус пандемиясына байланысты Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу мерзімі неге ауыстырылмағанына қатысты айтты.

Алматы, NEGE. Оның атап өтуінше, Конституциямызда да, Заңдарымызда да карантин енгізілген кезде немесе өзге де жағдайларда сайлауды өткізбеу немесе басқа уақытта ауыстыру – көзделмеген.

«Мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғаның өкілеттігіне қатысты мәселе туындауы мүмкін. Өйткені, Конституция мен Заңдарда мемлекеттік органдарға сайланатын лауазымды тұлғаның өкілеттігін ұзарту қарастырылмаған. Сондықтан сайлау белгіленген уақытта өтеді», – деді Серік Сыдықов Орталық сайлау комссиясында өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Сонымен қатар ол жазда Сенат депутаттарын сайлау барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталғанын атап өтті.

«Жазда Сенат депутаттарын сайлауды өткіздік. Шынымен де ол кезде сайлаушылар саны шектеулі болды. Соған қарамастан денсаулық сақтау органдары, аумақтық комиссиялар тиісті жұмыс жүргізді. Белгілі бір ереже бекітілді. Ал алдағы сайлауға дайындық процесінде бізбе бірге денсаулық сақтау органдары да жұмыс істеп жатыр. Дауыс беру уақытында инфекцияның таралына жол бермеу үшін барлық қажетті шара қабылданады», – деді ол.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации