Маньяктар. Жындыхананың адамжегіштері

27 қазан, 17:56

Фото: nege.kz

Маньяктарға қатысты төбе шашыңды тік тұрғызар оқиғалардың көпшілігін іздеп әуре болмадым. Өйткені психикасы мығым менің өзіме қылмыстық істі оқып шығу оңай болған жоқ. Дегенмен де Алматы қалалық сотының архивінен бір істі шығардым. Ол – морг санитарлары Сергей Копай мен оның бандасының атышулы қылмысы еді.

Бұл алматылық адамжегіш үшеу өздерін «қаланың жезөкшелер тұратын көшелерінің санитарымыз» деп есептеген. Бұрынғы милиционер Сергей Копай мен туысы Евгений Турочкин және фельдшер Михаил Вершинин тоғыз әйелді өлтіріп, жеп қойған. Үшеуі де қылмыс жасаған кезде психоневрологиялық диспансерде жұмыс істеген.

Адамжегіштердің құрбандығы жезөкшелер еді. Оларды пәтеріне ертіп әкеліп арақ беріп, есірткі салып, асқан айуандықпен зорлап, соңынан пышақтап немесе буындырып өлтіретін. Одан кейін өлі денені жіліктеп, етін кәуапқа дайындап, ет турағыштан өткізіп, одан жасаған тамақты өздері ғана жеп қоймай, бөтелкелестерін де қонақ еткен.

Қылмыстық іс бойынша алғашқы өлім 1998 жылдың 30 сәуірінде тіркеліпті. Сол күні Сергей Копай Сейфуллин және Крамской көшесінің қиылысында жасы 20-25 шамасындағы еуропалық нәсілді қызбен танысады. Ол да өзге қыздар секілді Алматы-1 теміржол вокзалының маңында жезөкшелікті кәсіп қылатын.

Қылмыстық іс материалы.

1990-жылдар мен 2000-жылдың басында көпшілік күнкөріс үшін немен айналысуға да дайын еді. Тіпті мектеп оқушылары да панель жағалап кеткен заман болды. Содан да болар ол кезде қала маңынан жеке басы анықталмаған қыз-келіншектердің мәйіті жиі табылатын. Бұл қыздың тағдыры да солай болды. Тергеу оның жеке басын анықтай алған жоқ.

Қоқыс жәшігінен табылған адам мүшелері.

Копай онымен 500 теңгеге келісіп, үйіне ертіп әкелген. Пәтерде оларды Евгений Турочкин күтіп отыр еді. Ойға алған нәрселері орындалған соң Сергей 500 теңгені қайтарып алу үшін қызды өлтіруге бел байлайды. Қыз жуынып жатқан сәтте ваннаға кіріп келіп, тірідей соя бастайды. Осы сәтте Евгений де келіп, ағасына көмектескен.

Етін бөлшектеп кәуапқа дайындап, аяқ-қолы мен денесін қаланың әр жеріне апарып тастаған. Ал 500 теңге тағы бірнеше шөлмек араққа жұмсалыпты.

Бірнеше айдан соң каннибалдар тағы да адам етін сағынады. Бұл жолы олар Евгений Турочкиннің танысын таңдайды. Тегі Сливная-Меркулова деген қызды пәтеріне шақырып, естен танғанша арақ ішеді. Сөз арасында үшеуі шекісіп қалып, жаға жыртысады. Алайда артынша татуласып, ұйықтап қалады. Ертеңінде ғана екеуі қыздың арақтан уланып өліп қалғанын көреді. Еті жеуге жарамайды деп шешкен маньяктар оның денесін бөлшектеп, түнде қоқыс жәшіктеріне апарып тастайды.

Жындыханада санитар болып жұмыс істейтін Копай 1998 жылы дәрігер Михаил Вершининмен танысады. Копай, Турочкин, Вершинин үшеуі ажырамас досқа айналады. Жиі бас қосып, естен танғанша арақ ішеді, адам етін тіскебасар етеді.

Күндердің-күнінде екеуі Вершининге жезөкшені қалай өлтіргенін, етін қалай жегендерін тәптіштеп айтып береді. Міне, осы сәттен Вершинин – басшы, Копай мен Турочкин қосшы болып, үштік «қанқұйлы жорығын» бастайды.

1994-99 жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысында жоғалған қыздар.

Тергеушілер бұлардың психотропты препарат «валиум диазепамды» қайдан алғанын анықтай алмады. Бұлар адам өлтіру үшін дәл осы дәріні пайдаланған.

1999 жылдың қаңтарынан наурызына дейін үштік 5 адамды өлтірген. Сценарий бұрынғыдай: қылмыстың бәрі Копайдың үйінде Шевченко 96, 11-пәтерде жасалған. Екеуі Сейфуллин көшесін торуылдап қыз іздейді, біреуі үйде дайындалып, күтіп отырады.

Жезөкшелер арасынан қыздардың із-түзсіз жоғалып, артынша қаланың әр бұрышынан адам сүйектері табылуы қаланы аяғынан тік тұрғызды. Жезөкшелерді өлтіретін маньяк туралы айтыла бастады. Қалалық Ішкі істер басқармасынан бірнеше жедел топ құрылып, іздеу басталды.

Полицейлер Сейфуллин және Сайын көшелерінен қыздарды алып кеткен еркектер туралы барлық ақпаратты жинап алды. Бұл кезде жезөкшелер мен олардың жеңгетайлары да өз ішінде зерттеу жүргізе бастаған. Міне, дәл осылар өз ішінен екі қызды тауып алады. Екі жігіт оларды пәтеріне алып барып ішімдік ішкен соң, ес-түссіз қалғандарын айтқан. Бұл ақпаратты полицияға жеткізеді.

Көп ұзамай-ақ әлгі екі қыздың адамжегіштердің ордасына барып, аман қайтқаны белгілі болды. Егер олар жалғыз барғанда, тірі шықпайтындары анық еді.

Полицейлер қыздар көрсеткен пәтерге келгенде есікті Сергей Копай ашқан. Копайды көлікке отырғызып, облыстық ІІД-ге алып келгенде Копай: «Облысқа неге әкелдіңдер? Біз жезөкшелерді қалада өлтірдік қой», – депті. Осылайша Евгений Турочкин мен Михаил Вершининнің атын атаған.

Маньяктар пайдаланған құралдар.

Қаладағы бүкіл полиция аяғынан тік тұрып екеуін ұстап әкелгенде Вершинин бүй депті: «Ерте ме, кеш пе, бәрібір ұсталатын едік. Адамдарды өлтіріп, оны ешкімге айта алмай жүрген оңай деймісіңдер!».

1976 жылы туған Евгений Турочкин қылмыс жасаған кезде 23 жаста болған. Үлкен ағасы Сергей Копай екеуінің шешелері бір болғанымен әкелері бөлек. Евгений әскерден кеген соң оны ағасы жындыханаға жұмысқа кіргізген. Әскерде басынан алған соққының әсері болса керек, Сергейдің жезөкшелерді өлтіріп, етін жеу туралы ойы Евгенийге ұнаған. Ванна бөлмесінде Женя өлі денемен жыныстық қатынас жасаған. «Өлі дене қарсыласпайды, қалағаныңды істейсің» дегені де көп нәрседен хабар берсе керек.

М.Вершинин тергеу кезінде.

Михаил Вершининнің алғашқы медициналық білімі болған. Түрлі жерде жұмыс істеген. Оның ішінде жедел жәрдем де бар. Кейіннен жындыханаға жұмысқа тұрған. Тағдыр Вершининді де аямапты. Әйелі ашықтан-ашық көзіне шөп салған. Жанына тыныштық іздеген Михаил ақыры Иегово куәгерлерінің қатарынан бір-ақ шығып, сектантқа айналған. Сот-психиатрия мамандары оның маньякқа айналуының бір себебін осыдан іздейді.

С.Копай.

Сергей Копай – маньяктар арасындағы ең жасы үлкені. Біршама уақыт милицияда жұмыс істеген. Әріптестері оны «техникаға жақын еді, бірақ көп ішетін» деп еске алыпты. Қиын балалық шақ пен сәтсіз неке себеп болса керек, біртіндеп ақыл-есі ауыса бастаған. Ақырында барынан айырылған. Тіпті жындыханадан да қуып жіберіпті. Екінші әйелі Лена жезөкше еді. Ақшасы таусылғанда Сергей оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейтін. Тіпті достарының астына салып беріп, өзі рақаттанып тамашалап отыратын болған. Копай да Вершинин сияқты үйінде тыр жалаңаш жүргенді ұнатыпты. Тіпті балалардан да қымсынбаған.

М.Вершинин түрмеде, 2005 жыл.

Міне, өмірде жолы болмаған үш маньяк бұл әлемді жеңіл жүрісті қыздардан осылайша тазартпақ болыпты. Тергеу кезінде қыздарды қалай өлтіргендерін, етін қалай жегендерін тамсанып отырып баяндап берген.

С.Копай, М.Вершинин және Е.Турочкинің әрекетін психиатрлар «қылмыс жасаған кезде ақыл-есі дұрыс болған» деп бағалады. 2001 жылы 28 қыркүйекте Алматы қалалық соты адамжегіш үшеуді өлім жазасына кесті. Алайда сол жылдары мараторий жарияланғандықтан, өлім жазасы өмір бойы түрмеде отыру жазасына ауыстырылды.

Асқар Жалдинов, «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабынан.   

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации