Қырғызстанда орыс тілінің ресми мәртебесін алып тастауды ұсынды

27 қараша, 13:05

Фото: ғаламтордан

Қырғызстанда Конституция кеңесінің мүшесі Садирдин Торалиев кеңестің 26 қараша күнгі отырысында Конституциядан орыс тілі - ресми тіл деген норманы алып тастауды ұсынды. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Алматы, NEGE. "Неғұрлым көп тіл білген сайын, соғұрлым жақсы ғой. Орыс тілі арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік. Бірақ біз бөлек заң қабылдап, шет тілдерін дамытуымыз керек. Ал Конституцияда тек қырғыз тілінің статусы ғана жазылуы тиіс" деді Торалиев. Оның сөзіне қарағанда, егер қажеттілік болмаса, азаматтар ана тілін үйренбейді.

"Орыс тіліне әбден үйреніп қалдық, оның жанында байланған ит сияқты отырмыз. Бұлай болмауы тиіс. Тілімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Адам табиғаты сондай: егер оны мәжбүрлемесең, ештеңе үйренбейді" деді Торалиев. АКИпресс агенттігі оның сөзінен үзінді келтірген. Өзге қатысушылардың не айтқаны белгісіз.

Қырғызстан Конституциясы бойынша орыс тілі ресми статусқа ие. 2019 жылы конституциялық реформа жүргізуді ұсынған саяси күштер бірлестігі орыс тілінің ресми мәртебесін алып тастауды ұсынған еді.

2020 жылы қазан айында Ресейдің Қырғызстандағы елшісімен кездесу кезінде сол кезде президент міндетін атқарушы премьер-министр Сапар Жапаров "мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ" деген болатын.

Елде жаңа Конституция жобасы қоғам талқылауына 17 қарашада шығарылған. Құжат президенттің өкілеті мен рөлін айтарлықтай арттырады. Егер түзетулер мақұлданса, Қырғызстан іс жүзінде қазіргідей парламенттік емес - президент басқаруындағы республикаға айналады. Бұған қоса, құжат авторлары Халық құрылтайы атты консультативтік, үйлестіруші жаңа орган құруды ұсынып отыр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации