Киллерлер. Талғат Ыбыраевқа атылған бес оқтың құпиясы

20 қараша, 20:48

Фото: ғаламтордан

Әскери техника мен қорғаныс нысандарын сатумен айналысқан «Қазспецэкспорт» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Талғат Ыбыраевқа 2000 жылдың көктемінде қастандық жасалды. Киллер оған бес оқ атқан.

Бұл қылмыстық істі президент Нұрсұлтан Назарбаев жеке бақылауына алды. Оның себебі бар еді. Ыбыраевтың барлық құпия құжаттарға рұқсаты болды, оның үстіне өлерінен бірер күн бұрын ғана Үндістанға барып, танкілер жеткізіп беруге келісім жасаған. Бұл іс тіпті халықаралық деңгейде дау тудырды. Үндістанмен жасалған келісімге Пәкістан наразылық танытты. Оның үстіне Қазақстанға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт келеді деп жоспарланған болатын. Осындай қым-қуыт шақта сол кездегі ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов қылмысты ашу үшін ең үздік кадрларын салды. Жедел тергеу тобын вице-министр Василий Симачев басқарған. Дақпыртты істің егжей-тегжейін Симачевтің өзі баяндап берді.

В.Симачев

– Талғат Ыбыраевты 2000 жылы 14 сәуірден 15-іне ауған түні өлтіріп кетті. Оның денесі үйінің ауласында тұрған көліктен табылды. Артқы орындықта сол жанына қарай құлапты.

Оң жақ самай тұсы тұтастай жарылған. Қан араласқан ми бөлшектері мен бас сүйегінің сынықтары көлік ішіне шашырапты. Көлкілдеген қан қарайып, ұюға айналған. Өлі дененің жанында Макаров тапаншасы жатты.

Криминалистер тобы қылмыс орнын мұқият зерттеді. Ыбыраевтың шопыры куәгер болған. Киллер оны аяғынан атып жаралапты. Қатты қорқып қалған шопыр шатыса берді. Біз сонда да киллердің фотороботын жасап, тараттық.

Қылмысты ашуға ІІМ-нің ең үздік 50 қызметкері қатысты. Мен оларды төрт топқа бөліп, әрқайсысы өздігінен жұмыс істей беретіндей жағдай жасадым. Қылмыс мотивін анықтау үшін аса мұқият зерттедік. Зерттеу ерекше режимде жүрді. Өйткені қорғанысқа қатысты компанияның келісімшарттары құпия болатын. Рұқсат алу үшін біраз жүйке мен уақытты шығындауға тура келді.

Осы уақытта БАҚ-та қылмысқа қатысты түрлі болжамдар мен алыпқашпа әңгімелер айтыла бастады. Полицияға күмән келтіріп, «бұл істі ҰҚК қарасын» дегендер болды. ІІМ-мен ҰҚК-ні қарсы қою әрекеттері байқалды. Қылмыстың ашылмауына мүдделі қарсыласымыз оңай-оспақ емес екенін кеш те болса түсіндік. Қысқасы, тек «Қазспецэкспорт» қызметкерлері ғана білуге тиіс деректер жария болып кетті. Әлдекімдердің бізді адастырмақ ниеті бар екені байқалды.

Кәсіпорын қызметкерлерінің телефонын тыңдап, өздеріне бақылау қою керек деп шештік. Бұған заң рұқсат етеді. Жау алыста емес екенін ұқтық. Тергеу барысында Талғат Ыбыраевтың толық портретін жасадық. Марқұм өте қарапайым, интеллигент, еңбекқор болған. Әрекеттерінен мемлекетке адал қызмет еткенін білдік. Әріптестері мен айналасындағылар да осыны айтты. Яғни ол кәсіпорындағы ұрлықты тиған немесе күмәнді келісімшартты бұзған болуы әбден мүмкін. «Ыбыраевтың өлімі кімге тиімді?» деген сұраққа жауап іздей бастадық.

Бұл уақытта мемлекеттік кәсіпорынға жаңадан бас директор тағайындалған. Ол – Ыбыраевтың бұрынғы орынбасары, барлаушы Ерсу Қошқаров. Ә дегеннен-ақ Қошқаров жағымды әсер қалдырды. Бұрынғы бастығының өліміне күйінді. Өз міндетін асқан ыждаһаттылықпен атқара бастады. Сенімге кіріп, халықаралық келісімдер жасауға кірісті. Сонда да біз оны күдіктілер қатарында қалдырдық.

Қызметкерлерімнің бірі оған сенбейтінін айтты. Мен оларды білемін, ішкі түйсігі алдап көрмеген. Сондықтан Қошқаровты аңдуды күшейттік. Аңдитын нысанымыз барлаушы болғандықтан, аса сақтық қажет болды. Аңдуға маркасы бөлек бірнеше көлік бөлдік. Олар күн сайын ауысып отырды. Бірақ Қошқаров сауысқаннан да сақ екен. Күнделікті бағытын өзгерткен жоқ, ешкіммен жасырын кездеспеді. Оның «көзін байлап» қою үшін кейбір ақпаратты әдейі таратуға тура келді.

Біз тағы бір маңызды дерек таптық. Мемлекеттік органдарға жазылған барлық хаттарды көтеріп, Ерсу Қошқаровтың өз бастығының үстінен Қорғаныс министрлігіне және Президент әкімшілігіне домалақ арыздар жазғанын анықтадық. Бұл – жеке пайдасын күйттеу.

Осы мерзім ішінде баллистикалық сараптаманың қорытындысы да шықты. Талғат Ыбыраевқа атылған атылған тапаншаны бірнеше жыл бұрын басқа қылмыста пайдаланған. Дәл сол «Макаровпен» тоқсаныншы жылдардың ортасында кәсіпкерді атып өлтіргені белгілі болды.

Бұдан әрі күдіктілердің саны қысқара берді. Қызметтік құжат бойынша бас директордан бөлек, құпия материалдарға екі-ақ адамның рұқсаты болған. Олар – кейінгі бас директор Ерсу Қошқаров пен Ыбыраевтың көмекшісі болған Анатолий Адамов. Айтпақшы, соңғысының да арнайы қызметке қатысы болған. Адамов – МҚК-ҰҚК-нің полковнигі. Екеуінің де Пәкістанға ұшақ сату ісіне қатысы бар. Сол кезде келісімшарттың құны жүздеген млн доллар болыпты. Келісім жүзеге асса, бұлар қыруар ақшаның астында қалмақ екен. Ыбыраев бұған кедергі жасаған.

Шыдамымыз таусыла бастаған кезде істің түйіні де шешілгендей болды. Телефондарын тыңдау арқылы киллерді анықтап, ізіне түстік. Назарымызға Амангелді Аманғалиев деген адам ілікті. Ол халықаралық іздеуде болғанымен, Қазақстанда жүр екен. Аманғалиев Қошқаровпен және Адамовпен телефон арқылы бірнеше мәрте сөйлесті. Ойын астарлап айтқысы келгенімен, атқарған шаруасы үшін ақшасын төлеуді және басқа адамның атымен құжат жасатып беруді сұрағанын білдік. Киллер ел аумағынан тездетіп шығып кеткісі келеді. Міне, осы сәтте нақты іске кірістік.

Осы тұста киллер Аманғалиев туралы қысқаша айта кетуді жөн көрдік. Ол барлаушының отбасында дүниеге келген. Әкесі МҚК және ҰҚК-нің генералы болған. Ұлына жақсы білім берген, Амангелді Аманғалиев бірнеше тіл білген. Офицер ретінде болашағы жарқын еді. Өйткені Мәскеудегі Джержинский атындағы МҚК-нің жоғарғы мектебінде оқыған. Жеке өмірі де сәтті басталыпты. Отбасымен араласатын әскери генералдың қызын сүйген.

Алайда дәл кинодағыдай қайғы басына түсіпті. Амангелдінің қалыңдығын кешқұрым үйіне келе жатқанда өлтіріп кетеді. Кінәлі ретінде Амангелдіні ұстайды. Өйткені соңғы көрген сол еді. Өлтірді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Осылайша Аманғалиев түрмеге түседі. Түрмеден нағыз киллердің өзі болып шыққан.

Ыбыраевты өлтіруге тапсырыс бергендерді 2000 жылдың 16 тамызында ұстамақ болады. Өйткені күдіктілер әлденені сезгендей шетел елшіліктерінің көлігімен жүріп, әр жердегі ақшаларын бір қолға жинастыра бастапты. Оның үстіне сырттай бақылау барысында күдіктілердің Қауіпсіздік кеңесіндегі және Президент әкімшілігіндегі кейбір шенділермен тығыз байланыста екені анықталған. Сондықтан бұл іске ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменовтің өзі араласуына тура келіпті. Қылмыскерлерді қалай ұстағаны туралы Қайырбек Шошанұлы былай дейді.

Қ.Сүлейменов

– Аңдып жүргенімізді Адамов сезіп қойды. Ол Астанаға келгенде кінә таққамыз жоқ, өйткені Алматыдан шығуына мүмкіндік бердік.

«ҚазМұнайГаз» қонақүйінде Адамов, Қошқаров және Қауіпсіздік кеңесінің қызметкері кездесті. Әлдебір құпияны кеңесу үшін жиналыпты. Жолай Адамовты ұрлап әкетуді ойладық та, артынан айнып қалдық. Бұл бекер кездесу емес. Алматыға келгенінде ұстаймыз деп шештік. Бірақ қонақүйдің алдына Ресей елшілігінің көлігі келіп тоқтады. Осы көлікпен шекарадан кедергісіз өтіп кетуді ойласа керек. Қызметкерлерім мен арнайы топ ұстау кезенде тайсалып қалмауы үшін операцияға өзім қатыстым. Өйткені олардың арасында Президент әкімшілігінің қызметкері бар еді. Адамовты ұстаған соң Қошқаровқа менімен бірге жүруді сұрадым. Ал олармен кездесуге келген Қауіпсіздік кеңесінің және Президент әкімшілігінің қызметкерлері куәліктерін көрсетіп, шошаңдаған жоқ.

2000 жылы 21 тамызда Алматының Орбита ауданында арнайы операция кезінде киллер Амангелді Аманғалиев өлді. Із жасыратындай оның ақшасы да, құжаты да жоқ еді. Құтыла алмайтынын білген соң, қалада емін-еркін қыдырып жүрген. Ресторандардың бірінде ұстамақ болғанда ол өзін тапаншамен басынан атып жіберген.

Бірнеше айдан кейін камерада Анатолий Адамов та бақилық болды. Себеп – жүрек талмасы. Ерсу Қошқаров 20 жылға сотталды.

Осы істен кейін талай «бастар ұшты», бірақ бұл таза саясат болғандықтан, түсінікті себептермен «бас жаққа» барғым келмеді...  

#киллерлер #маньяктар #қылмыс
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации