Киллерлер. Құлыбаевқа кім қастандық жасады?

27 қараша, 19:09

Фото: nege.kz

Ел тарихында тапсырыспен кісі өлтірмек болғандардың іске аспай қалған мысалдары бар. Осындай қылмыс басқа емес, Қазақстандағы аса ықпалды адамдардың бірі Асқар Құлыбаевқа қарсы жасалған.

Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы әрі елдегі Форбс тізіміне кірген ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаевтың әкесі. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылмағандықтан, әрі киллердің ақымақтығынан ғана аман қалды.

А.Құлыбаев

Асқар Құлыбаевқа басқа емес, Әуесқой бокс федерациясындағы өзінің орынбасары Серік Қалиев қастандық жасамақшы болғанын естігенде жұрт қатты таңданды.

Асқар Алтынбекұлы бұл федерацияны ұзақ жылдар басқарды. Біршама еңбегі сіңді. Осы кезеңде олимпиада чемпиондары, әлемдік деңгейдегі боксшылар шықты. Ал Қалиев сол тұста біздің боксшыларды «шөміштен қағып» жүріпті. Ықпалды бастығына қастандық жасамақ болғанының бір себебі осы болса керек.

2004 жылы 12 мамырда Алматыдағы Желтоқсан мен Гоголь көшелерінің қиылысында жарылыс болып, 1974 жылы туған Михаил Нартов өлді. Оқиға болған жерден полиция ТТ тапаншасын, киім жұрнақтарын, шағылған ұялы телефон және Ресей Орталық банкінің 20-30 мың рублін тапты.

Оқиға орынан табылған айғақ заттар. Фото: Қылмыстық іс материалдарынан

Сәтін салғанда, дәл сол кезде жақын маңда полицейлер жүрген. Патрульдік полицейлердің бірі әлі тірі жатқан Нартовтың: «Мені Серік жарып жіберді. Мерседесінің нөмірі – 583», – дегенін естіп қалады. Сол маңдағы куәгерлер жарылыстан соң мемлекеттік нөмірі 100 Ү «Лексус» көлігінің жұлқына қозғалғанын байқаған. Жұғыл түрде «Перехват» жоспары жарияланады.

Жарты сағаттан соң полицейлер әл-Фараби даңғылының бойынан мемлекеттік нөмірі A 583 WYM мерседес көлігін байқағанын хабарлайды. Жан-жағынан қаумалай қысып тоқтатқанда шопыр есіктерін бекітіп алып, сыртқа шығудан бас тартады да, әлдекімге шұғыл түрде телефон шала бастайды: «Талғат, әлгі іс бойынша мені ұстады!».

С.Қалиевті ұстау сәті

Ұсталған адам қылмыстық топтар арасында Серафим деген лақап атпен белгілі Серік Қалиевтің өзі болатын. 1965 жылы туған Серіктің атағы жер жарып тұрған кез. Өзі Геннадий Головкин туып-өскен Майқұдықтың тумасы. Гена жаттыққан залда одан бұрын Серафим тер төккен. Мінезі шалт, бірбеткей Серіктен жаттықтырушылары үлкен үміт күтіпті. Алайда тағдыр оны басқа жолға салған. Айтпақшы, ол еңбек жолын 1986-89 жылдары Қарағанды қалалық ІІБ-нің конвой қызметінде бастаған.

Тоқсаныншы жылдары жастар арасында «ұртоқпақ» болу ұятты әрі табысы аз шаруа еді. Бірнеше жыл өткен соң конвойдың бұрынғы қызметкері рэкеттік топтың жетекшісі ретінде тізімге кіреді. Сол жылдары Серафим Қарағандыда тез танымал болды. Қаладағы аудан-аумақтарды шетінен күшпен жаулап ала бастады. Осындай қақтығыстардың бірінде майқұдықтықтар тобының лидері Айнабековті өлтіріп кетеді. Жарты жылдан соң Серафимнің өзіне екі оқ тиген. Бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, әлі ашылған жоқ.

С.Қалиев

Тоқсаныншы жылдардың аяғында Қалиев бандиттік бұралаң жолмен бұдан әрі жүру мүмкін еместігін түсініп, әрекеттерін заңдастыр бастайды. Амбициясы ұрып тұрған ол тіпті Парламент депутаттығы үшін сайлауға да түскен. Сайлау нақаны кезінде қара пиар ұйымдастырғаны жөнінде дерек бар. Бір күні спорт кешенінен шығып келе жатқанда жарылыс болады. Өзіне-өзі қастандық жасағандай құдды. Осылайша сайлауда жеңіске жете алмайды.

2003 жылы 12 желтоқсанда Қалиев ҚР Әуесқой бокс федерациясының президенті болып сайланады. Екі аптадан кейін, 26 желтоқсанда кезектен тыс конференцияда Асқар Құлыбаевты президент етіп сайлайды. Әрине, мемлекет басшысының құдасымен ашық айқасуға Серафимнің дәті шыдамайды, бірақ ішіне кек сақтап жүріпті. Соған қарамастан Қалиев қаржылық құжаттарға қол қоюға өкілетті болған. Құрама командаға бөлінген қаржыға да қолын молынан салған. Осы тұста Құлыбаевтың арқасында қаржылық мәселе оңай шешіліп отырғанын ескерген жөн.

Құрама команда түрлі халықаралық жарысқа барған сайын Қалиевтің қалтасында миллиондар қалып отырған. Өзінің орынбасары не істеп жүргенін Құлыбаевтың білмеуі мүмкін емес қой, нәтижесінде Қалиевті «пайдадан» қағады.

Қалиев құрама командамен. Ортада – Г.Головкин

Кейін сотта қылмыс мотиві көлденең пайда мен Әуесқой бокс федерациясын басқару болғаны дәлелденді. Серафимнің сонау тоқсаныншы жылдардағы «әдістері» есіне түссе керек, сірә. Бастығының көзін құрту туралы жоспарын алдымен жеке шопыры Андрей Песковқа айтыпты. Алдымен екеуі жарылғыш зат және ТТ тапаншасын тоғыз оғымен қолға түсіреді. Енді қалғаны – киллер табу. Осы кезде «Рио» казиносының директоры қарыз екені есіне түседі. Біршама уақыт бұрын ғана оны қармаққа іліп, «счетчикке» отырғызып кеткен. Беделді бандит тағы күркіреп келгенде бұрынғы полицей, сол кездегі казино директоры Бүркітбаевтың келіспеске амалы қалмаған. Ол киллер табуды, оның шығынын толық төлеуді мойнына алады. «Егер осыны істемесең, өзіңді де, бүкіл отбасыңды да бауыздаймыз» деп қорқытқан.

Қылмыстық іс материалы

Әбден есі шыққан Бүркітбаев ескі танысы серік Торсықовқа жолығып, киллер тауып беруді өтінеді. Бірнеше күннен соң Торсықов танысы Владимир Ким арқылы керек адамды тапқанын, ол жұмысы үшін 6 мың доллар сұрағанан айтады. Киллер – Қазақстанның бұрынғы азаматы, кейін отбасымен Омбыға көшіп кеткен Михаил Нартов еді.

7 мамыр күні Нартов Мәскеуден Алматыға ұшып келеді. Оны әуежайдан күтіп алып, Сейфуллин мен Горкий көшесінің қиылысында күтіп тұрған Песковқа әкеледі. Одан соң киллерді арнайы жалданған пәтерге жатқызыпты. Бес күннен кейін, 12 мамырда ол басты шаруасын атқаруы керек.

Жоспар бойынша бәрі Серік Қалиевтің бұйрығын күтуі керек болған. Ол Асқар Құлыбаевтың «Шелковый путь» компаниясының ғимаратынан қашан шығатынын анықтап, Песковқа хабар береді, ал Песков киллер Нартовқа ескертеді. Киллертің міндеті – құрбандықты тапаншамен ату. Шаруа біткен соң Песков телефон сигналы арқылы жарылғышты іске қосып, киллердің өзін жарып жіберуі керек. Бомда видеокассетаға жасырылған.

Жарылыс болған жер

Құлыбаевтың хатшысы оның Қалиевті қабылдамайтынын, 16:00-де маңызды кездесуі бар екенін ескертеді. Осы сәтте Серафим Песковқа телефон соғып, дайындалуды бұйырады.

15:57-де Асқар Құлыбаев кеңседен шығып, жеделдете басып көлігіне жақындайды. Оншақты метр жерде тұрған киллер Нартов ұмтыла жақындап, пакеттегі тапаншасын шығарам дегенде Песковтың жүйкесі сыр береді де, құрбандығын әлі атып үлгермеген киллердің өзін жарып жібереді. Жоспары іске аспай қалғандар жан-жаққа қашады, Асқар Құлыбаевты шопыры көлікпен қауіпсіз жаққа алып кетеді.

Михаил Нартовтың өлі денесі

Сот процесі Алматы қалалық сотында бірнеше ай бойы өтті. Серік Қалиев жын соққандай айқайлап, сотты сыбап, қорқытпақ болды. Ақырында Серік Қалиевті, Андрей Песковті 25 жылға соттады. Ким мен Торсықов 5 жыл арқалады.

Серафим судьяны бекер қорқытпапты. Куәгерлер мен судьяның көзін жою үшін Серафим өзінің жалдамалы киллері Рим Фархутдиновты шақыртқан. Бірақ оның ойлағаны іске асқан жоқ...                             

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации