Қаза тапқан бес баланың туыстары қазақстандықтарға үндеу тастады

23 ақпан, 12:29

Фото: ғаламтордан

Жамбыл облысында түтінге тұншығып қаза тапқан бес баланың туыстары жараның бетін тырнай бермеуді өтінеді.

Алматы, NEGE. «Ешкімге кінә тақпаймыз, болар іс болды, оған көндігуден басқа амалымыз жоқ» деген олар, бұдан былай бұл мәселені қозғамауды сұрайды.

Өйткені айтылған сайын бес перзенттің ата- анасына ол ауыр соққы. Осылай деп қайғы жұтқан отбасы КТК телеарнасы арқылы бүкіл елге үндеу тастады.

Болған жағдай ел тұрғындарының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Үш күннен бері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жер-жерден көңіл айтылып жатыр.

Бірақ оқыс оқиғаға анасын, қала берді әкімдікті айыптаудан мезі болдық дейді қаза тапқан балалардың туыстары. Тіпті кейбірі жалған мәлімет таратуға кіріскен деп күйінеді.

Сондықтан телеарна арқылы ақпаратты бұрмалаушыларға үндеу тастады.

- Өрттің болғаны балалар ойнап сіріңкемен от жаққан. Содан болып тұр ғой. Басқа электр тоқ, газ, буржуйка деп, біреулер шығып жатыр. Оның бәрі өтірік. Әлеуметтік желідегі анау-мынау деп, сан-саққа жүгіртіп, қитұрқы іс жасап жатқандарға да айтарым: Тоқтатыңдар, осымен қоя қойыңдар. Біз соның бәрін естіген сайын жүрегіміз сыздап жатыр. Бізге берген көмектеріңіз сол болсын, - дейді балалардың туысы Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Қаралы отбасының уәжін жеткізген Саидмұхаммед Әбдумәліков: «Бұл біздің бірінші әрі соңғы мәлімдемеміз болса» -  дейді.

«Бұдан былай ешкім бізді мазаламағаны, жағдайға түсінікпен қарағаны дұрыс» деген пікірде.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации