Карантин талабын бұзғандарға 53 млн теңге айыппұл салынды

23 қазан, 10:41

Фото: ғаламтордан

  Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік шектеулер басталғалы талаптарды бұзғандарға 53 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Алматы, NEGE. СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, наурыз айынан бері мониторингтік топтардың жұмысы нәтижесінде 969 әкімшілік құқық бұзу хаттамасы толтырылды. «Оның ішінде 884-і қоғамдық орында негізінен маска тақпаған жеке тұлғаларға, 83-і жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге және екеуі лауазымды тұлғаларға хаттама толтырылды. Жалпы сомасы - 53 млн теңге. Басқармаларда процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция органдарынан келіп түскен 262 материал қаралып жатыр», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айнаш Сағындықова.

Өткен аптада мониторингтік топтар негізінен қоғамдық тамақтану орындарын, сауда орындарын қамтыған 120 рейд өткізді. Полициядан 83 материал келіп түсті, 79 әкімшілік хаттама толтырылды. «Халық әлі күнге дейін коронавирустың адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Тығылып той жасайды, шақырған жерлерге барып, өздерінің ғана емес, қалған айналасындағылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер тудырады. Петропавл аумағында қоғамдық тамақтану орындарында отбасылық іс-шараларды өткізу әлі де тыйылмай отыр. Атап айтқанда, мұндай фактілер «Green park», «Березовая роща» демалыс орындарында тіркелді. Карантинге қарамастан, «Додо пицца» дәмханасы мен «Мега планета» дүкенінің жұмыс істегені анықталды», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации