Қарақол су қоймасының құрылысы биыл тағы жалғасын таппады

17 сәуір, 20:25

Фото: 24.kz

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Қарақол су қоймасының құрылысы биыл да жанданбады.

Алматы, NEGE. Сыйымдылығы 55 миллион текше метр болатын нысанның құрылысы өткен ғасырдың 80-жылдары басталып, сол күйі аяқталмай қалған. 1300-ден астам халқы бар Шолпан ауылының тұрғындары негізінен қауын-қарбыз өсірумен шұғылданады. Кәсібін өрге домалатып, жер емген шаруалар биыл су тапшылығынан қиналамыз ба деп алаңдаулы. Өйткені бау-бақша Қарақол су қоймасынан суарылады. Ал ол нысанның құрылысы 30 жылдан бері аяқсыз қалып тоқтап тұр. Осының кесірінен Таскескен, Шолпан ауылдары бар болғаны 400 гектар ғана жер игерген.

Ерболат Есімбеков, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Нақты айтқанда, қазіргі сұрап отырған дәл осы Шолпан халқы есінде тұрған нәрсе мына су плотина қажет болып отыр. Шөп аз шықты, мал әзер шықты бәрі ең қинап отырған нәрсе 20-25 жыл болыпты плотинаны сұрап отыр. Соған су беріңдер. Міне әлі су жоқ. Ол болмайды да ғой деймін биыл. Қауын егеді жан-жақтан келіп, бақша егеді, ең керекті нәрсе осы.

Нысан іске қосылса осы маңайдағы 15 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыруға болады. Мұнан өзге жоба бойынша шағын су электр станциясын салу да көзделген. Яғни бірнеше ауылды арзан электр қуатымен қамтуға мүмкіндік туар еді.

Жексенбі Нұркенов, Таскескен ауылының тұрғыны:

- 3 ауыл үлкен Таскескен, Шолпан, Қарақол осы 3 елді мекенге табыс көзі болар еді бұл бітсе, су қоймасы. Мысалы, анау Қарақолдың тау басында үлкен бақ болған. Соған дейін баратын мына су қазір Шолпанның шетіне барып жоғалып кетіп жатыр, су жоқ жетпейді. Ал егер мынау іске қосылса, мына суармалы жерлердің бәрі іске қосылса, халыққа жұмыс, қаладан жастардың көбі қайтып келгісі келіп отыр. Бірақ ауылға келгенде не істейміз, бау-бақша салайық десек, су жоқ, мал өсірейік десек су жоқ. Осыны енді бір Үкіметтен көмек болса, 60-70% бітіп тұрған шаруа ғана бұл тек қолға алса болды.

Осыдан 2 жарым жыл бұрын құзырлы мекеме өкілдері тіпті жобалық-сметалық құжат жасауға кірісіп, 2021 жылы мәселе шешіледі деп сендірген. Алайда түйткілдің түйіні әлі күнге тарқамай келеді. Биыл да құрылыс жанданар түрі жоқ, мамандар тек арық тазалаумен шектелеміз деп отыр.

Еркін Ғабдулмулинов, «ҚАЗСУШАР» РМК ШҚФ Үржар өндірістік учаскесінің басшысы:

- Плотинада 6558 гектар бекітілген жер бар. Оның ішінде былтырға біз суғарған көлеміміз 435 гектар. Енді біз биыл мың гектарға суғарамыз ба деп сол үшін каналды тазалап шаруа қожалықтарына суды жеткізіп берейік деп отырмыз. Экскаваторымыз бар үлкен, соған қазір жанар-жағармай бөліп берсе, біз тазалауды бастаймыз осы 15 күні.

Жақында ел астанасынан су қоймасын көруге су ресурстары комитетінен жауапты басшылар келіп кетіпті. Өкінішке орай, әзірге құрылыстың нақты қашан жанданып, аяқталары жайында мәлімет жоқ.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации