Ерлан Тұрғымбаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесті

27 қараша, 18:23

Фото: google.com

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесті. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Карин Telegram каналында жазды.

Алматы, NEGE. «Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ұлттық кеңес мүшелерімен кездесті. Бұл – кеңес мүшелерінің тамыз айынан бергі Үкімет мүшелерімен 10-шы кездесуі. Дегенмен, бүгінгі кездесу Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік органдар жүйесіндегі ерекше рөлі мен жағдайына байланысты айрықша болды. Кеңес мүшелері мұны ішкі істер органдарының ашықтыққа бет алғанының кезекті белгісі және ІІМ-ның азаматтық белсенділермен өзара іс-қимылға дайындығы деп қабылдады», – деп жазды ол.

Ерлан Кариннің атап өтуінше, кездесу басталған кезде министр Ішкі істер министрлігінің ағымдағы жұмысы жайында баяндап, бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі алаңында көтерілген мәселелерді пысықтау қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді. Одан кейін сұрақ-жауап сессиясы өтіп, министр отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаматтардың шағымдары мен өтініштерімен жұмыс, учаскелік полиция өкілеттігі мен мәртебесі сынды мәселелерге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді.

«Толықтай алғанда ашық әрі сындарлы әңгімелесу болды. Кеңес мүшелері мен сарапшылар тек проблемалық мәселелерді көтеріп қоймай нақты жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға өз көмектерін де ұсынды. Қорытындысында министр мұндай кездесулерді тұрақты өткізуге уәде берді», – деді ҚР Президентінің кеңесшісі.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации