Бірқатар өңірден карантин алынды

02 желтоқсан, 20:04

Фото: google.com

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты алты ауыл мен Мамлютка қаласынан карантин алынды.

Алматы, NEGE. СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 желтоқсанда облыс аумағында КВИ жұқтырудың 107 жағдайы тіркелген.

Бір аптаға жуық бұл көрсеткіш өңірде бір қалыпты ұсталып тұр. Инфекция жұқтырғандардың басым бөлігі – Петропавл тұрғындары.

COVID-19 вирусын жұқтырғандардың артуына байланысты Петропавл қаласынан басқа 5 аудандағы 8 елдімекен карантинге жабылған. Олар: Есіл ауданындағы Николаевка, Петровка елдімекендері, Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылы, М.Жұмабаев ауданының орталығы – Булаев қаласы, Тайынша ауданының орталығы – Тайынша қаласы және Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылы.

Ал бұған дейін жабылған алты ауыл, бір қалада карантиндік шектеулердің нәтижесінде эпиджағдай түзеліп, блокпосттар алынды.

«Бұған дейін жабылған Ақжар ауданының Горьковское ауылы, Аққайың ауданының Смирнов ауылы, Есіл ауданының Явленка, Покровка, Чириковка және Корнеевка ауылдары, сондай-ақ Мамлютка қаласы аурудың болмауына байланысты карантиннен алынды», – дейді санитариялық дәрігерлер.

Жалпы облыста 171242 адамға ПТР зерттеу жүргізілді, оның 3,8 % - 6616 науқаста нәтиже оң болды. Бүгінде СҚО-да коронавирусты жұқтырудың 6616 жағдайы тіркелген.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации