«Ауыл» партиясы медициналық қызмет көрсету мәселесіне тоқталды

28 қазан, 18:12

Фото: google.com

Ауылды жерде сапалы, білікті медициналық қызмет көрсету проблемасын «Ауыл» партиясының мүшелері бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Бүгінгі дөңгелек үстел барысында партия өкілдері нақты қадамдар ұсынды. 

Алматы, NEGE. Бүгін Қарағанды қаласында «Ауыл тұрғындарына білікті медициналық көмек» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Г.С. Тоқсамбаев, аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері мен медицина қызметкерлері, өңірдің медицина университетінің, колледждерінің, мекемелерінің басшылары, «Ауыл» партиясының белсенділері мен мүшелері қатысты.

Ауыл тұрғындарына білікті медициналық қызмет көрсету мәселесін «Ауыл» партиясының мүшелері жылдар бойы көтеріп келеді. Осы жыл бұл саланың осалдығын тағы да көрсетті.

Пандемия кезінде ауыл халқы лайықты медициналық көмектен қағылды: ауыл тұрғындарына диагностика жүргізілмеді, көптеген елді мекендерде дәріханалардың болмауына байланысты медициналық препараттарға қолжетімділік болмады.

Ал Covid 19-бен ауырған ауыл тұрғындары шарасыздықтан халықтық медицинаға жүгінуге мәжбүр болды. Бұл фактілердің барлығын «Ауыл» партиясының мүшелері назардан тыс қалдырмады. Тамыз айының соңында партия мүшелері ауылдағы медициналық қызметтерге мониторинг жүргізді. Белсенділер мен еріктілер 200-ден астам ауылды аралап, фельдшерлік пункттер мен ауылдық ауруханалардың жұмысымен танысты.

Жүргізілген мониторинг нәтижесінде партиялықтардың барлық ескертулері мен ұсыныстары партия төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Ә. Бектаевтың Премьер-Министр А. Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалына негіз болды. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесі партияның ерекше бақылауында тұр. Бірқатар өңірлерде осы тақырыпта семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер өтті. Партияның Қарағанды филиалын ҚР ҰҒА академигі, «Фитохимия» холдингінің бас директоры С.М. Әдекенов басқарады. Ол өз сөзінде ауылдық жерлерде шешілмей келе жатқан мәселелерге назар аударды.

«Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – дәріхана. Дәріханалар үлкен ауылдардың өзінде жоқ, шалғайдағы шағын ауылдар туралы не айтуға болады? Әрине, бизнеске әр ауылда дәріхана ашу тиімсіз. Мұндай жағдайда мемлекет араласуы керек деп ойлаймыз. Неге шалғай ауылдарда әлеуметтік дәріханалар ашпасқа? Немесе пандемия кезінде ең шалғай учаскелерді, мал жайылымдарын аралаған мобильді дәріханалардың жақсы мысалы бар. Бұл жақсы тәжірибені бүкіл ел аумағында қолдануға болады. Ауылдық ауруханаларда мамандардың жетіспеушілігі де – өткір мәселенің бірі. Қарағанды облысында біз 3-4 ауылда бір ғана фельдшер жұмыс істейтін аудандарды анықтадық. Шалғай ауылдарда интернет пен телекоммуникацияның болмауы да өзекті әрі күрделі мәселе болып табылады. Қарапайым мысал, кейбір ауыл тұрғындары аудандық ауруханалармен хабарласа алмай отыр», – деді ол жиында.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ауыл тұрғындарына білікті медициналық қызмет көрсету жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации