Әскери сайыстың соңы жаппай төбелеске ұласты

26 ақпан, 10:41

Фото: ғаламтордан

Бас жүлдеге бола бас жаруға дейін барғандар да, карантин талабын бұзғаны үшін шара ұйымдастырушылары әкімшілік жазаға тартылды.

Алматы, NEGE. Арыс қаласында әскери дайындық пәнінен өткен оқушылар арасындағы сайыс жаппай төбелеспен аяқталды. Жеткіншектер әділқазылардың шешіміне наразылық білдіріп, қырқық пышақ болған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Сайысты салтанатты түрде қортындылауға мәдениет үйіне жиналған оқушылар сахна төрінде тұрған жерінде-ақ бір-бірімен жаға жыртысқан. Ал жаппай төбелес жүргізуші әйелдің «Арыс қаласы әкімі Мұрат Қадырбектің арнайы дипломымен және 20 мың теңгелік сертификатпен марапатталады» деп хабарландыру жасаған сәтте басталған.

Желіде тараған видеодан залдың көрермендер отыратын бөлігінде де жасөспірімдердің өзара жұдырықтасқанын байқауға болады. Алайда, топ-топ оқушылардың төбелесінде кім-кімді тоқпақтап жатқаны түсініксіз.

«Қой» деп жатқан мұғалімдерді тыңдаған балалар жоқ. Ашуға булыққандарды әупірімдеп жүріп сыртқа шығарғанымен, төбелес далада да жалғасқан. Абырой болғанда айтарлықтай жарақат алған ешкім жоқ. Соған қарамастан полицейлер тентек оқушыларды тергеп жатыр.

«Іздестіру жұмысын жүргізгенде бұзақылыққа қатысты жергілікті тұрғындар анықталды. Барлығы жас жігіттер, оқу бөлімдерінің оқушылары. Оларға қатысты тергеу жүргізілуде. Болған оқиғаның мән жайы анықталуда», – дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Сонымен қатар, карантин талабын бұзғаны үшін аталмыш шара ұйымдастырушылары әкімшілік жазаға тартылған.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации