95 елді мекенді су басуы мүмкін

02 наурыз, 08:38

Фото: ғаламтордан

Егер қар күрт еритін болса, екі мыңнан астам үйді су шайып кету қаупі бар.

Алматы, NEGE. Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті осындай мәліметті жария етті. Қазір көктемгі тасқынға барынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ақпан айында бірнеше күн бойы соққан қарлы боран жағдайды тіптен күрделендіріп жіберді. Осы мерзімде айлық нормадан 3-4 есе көп ылғал түскен. Жітіқаралық төтенше жағдайлар қызметі соңғы апта бойы боранмен арпалысып, қар құсауында қалғандарды құтқарумен айналысты. Ал бүгін көктемгі тасқынға қажетті құрал-жабдықтарын тағы бір тексеріп шықты. Он алты адамға арналған екі моторлы қайық, бірнеше гидрокостюм, су астында жүзетін жабдықтар. Оның ішінде әсіресе су сорғыш машинаның маңызы зор. Көктемгі тасқын біз үшін нағыз қауырт кезең дейді жітіқаралық құтқарушылар.

  Жітіқара қаласында 126 үйді су басуы ықтимал. Ол жерлерде 297 адам тұрады. Ал Забелов ауылында 106 үйге су кіруі мүмкін. Тұрғындар саны – шамамен 230 адам. Ауа райын болжаушылар биылғы қыстың ерекше екендігін айтады. Қар әдеттегіден кеш түсті. Мысалы, желтоқсан айында жұқалап қана жауды. Есесіне ақпанда ақ ұлпаны үйіп төкті. Метерологтар соңғы екі аптада Жітіқарада, тағы да басқа бірқатар ауданда тиісті нормадан төрт есе көп ылғал түскендігін тіркеген. 

  Қазіргі кезде облыс бойынша қардың қалыңдығы 26 сантиметрді құрайды. Ал орташа жылдық норма – 22 сантиметр. Қардағы ылғал мөлшері бүгінде 72 миллиметрге жетті. Тиісті норма 62 миллиметр болатын. Яғни қазірдің өзінде орташа климаттық нормадан асып кетті. Биылғы ылғал денгейі былтырғымен шамалас. Бірақ алда әлі наурыз айы бар. Бастапқы болжам бойынша, бұл айда ылғал тиісті нормадан көп болады.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации