Жұмысқа орналастырған директор мұғалімнен ақы алса, сапалы жұмысты қалай талап етеді?

23 ақпан, 11:11

Фото: zhambyl.gov.kz

Білім беру саласының қызметкерлерімен кездескен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп директорларын сынға алды.

Алматы, NEGE. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Оқу орындарының кейбір басшылары «Менің мектебім», «менің ұстаздарым», «менің шәкірттерім» деген сияқты  тіркестерді  қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп-мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс», - деп атап өтті аймақ басшысы. 

Директорлар біртіндеп өздеріне керекті байланыстар арқылы өсіп отырады, ақыр соңында ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға алып келеді.

«Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақы алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Ол мұғалім өз шығындарын ата - аналар арқылы қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді», - деді облыс әкімі.

Егер директор адал жұмыс істеп, мектептегі білім берудің тәртібі мен жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отырса, бұл жағдайда басшыны ауыстыру мәселесін жүргізу міндеттелмейді.

Тәрбие негізі  отбасы және мектептен басталады, алайда соңғы уақытта осы әлеуметтік институттар арасындағы өзара байланыс үзілгендігі жиі айтылып жүр.

«Ата-аналар комитеті іс жүзінде жұмыс істемейді, ал педагогтар инертті ұстанымға ие. Бала тәртіп бұзған жағдайда ата-аналарға шағымдана алмайды», - деді Бердібек Сапарбаев өз сөзінде.

Облыстық ата-аналар комитетінің жетекшісі Эльмира Мырза-Ғали әр түрлі рейдтер  бойынша аудандарды аралап шыққандарын жеткізуге тырысқанымен, аймақ басшысы нәтижесіз жұмыстың ешкімге керек еместігін ескертті.

Бір мектепте бір жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің екі дерегі тіркелген. Бұған қалай жол беруге болады?

Аймақ басшысының бұл сұрағына Т. Рысқұлов аудандық білім беру бөлімі басшысы: «Директор жұмыстан босатылды, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде» деген  таптаурын жауаппен құтылды. Сонымен қатар, ата-аналардың осы ауданның мектептеріндегі мұғалімдерге қатысты шағымдары толастамай тұрғаны назар аударарлық дүние.

Облыстың 40 мың педагогының алдындағы басты үш міндетті атаған аймақ басшысы  білім, тәрбие және тәртіп беру жұмыстарын  күшейтуді тапсырды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации