Жұлдыз Әбділда аллергиядан қалай құтылуға болатынын айтты

18 қыркүйек, 13:38

Фото: facebook.com

Танымал журналист Жұлдыз Әбділда аллергиядан құтылу жолдарын айтты. «"Врачи РК..." деген топта отырамын. Сонда да, жалпы осы ФБ бетінде де аллергиктер көп екенін және олардың ара-тұра "кәйтіп жатсыңдар?" деп сұрап қоятынын көремін. Ешқандай медициналық білімі жоқ адамдар түрлі кеңес беріп тастайды. Жәй ғана "іш құрылысты тазалау керек" десе де жақсы ғой, ішетін/салатын дәрінің атауына дейін жазатындар көп. Бұл – дұрыс емес!» – деп түйіндейді танымал журналист.  

Алматы, NEGE. «Қайта-қайта түшкіріп, мұрныңыз, көзіңіз, тамағыңыз, құлағыңыз (бәрі немесе кейбірі) қышып, көзіңізден жас тоқтамай, денеңізге түрлі қышыма шыға бастаса, бұл аллергия болуы мүмкін. Мұндайда алдымен аллергияның неден екенін анықтап алу керек. Ол үшін аллерголог дәрігерге барасыз. Алматыда Қалқамандағы №1 ауруханада және Совмин ауруханасында аллергоцентр бар. Бұған қосымша жекелеген орталықтар, емханалар жеткілікті. Сол жерге барып, Алергоскринге қан тапсырасыз. Ол аллергияңыз неден екенін көрсетеді. Соның нәтижесі бойынша қолыңызды тырнап, тест жасайды. Сол бойынша қыста ем аласыз. Ем болғанда неден аллергияңыз болса, соның аллергенін 45 күн бойы мұрныңызға жібереді (қазір басқа да әдістері бар). Ал қазір, яғни маусым кезінде аллергияны емдемейді. Жәй ғана симптомдарын басып, яғни тұншықтырып береді. Ол үшін пайдаланатын гормондар да әртүрлі және ол сіздің жағдайыңызға, аллергияңыздың деңгейіне байланысты. Астмасы қоса ұстайтындарға бөлек дәрілер салынады.

Ауруханаға, дәрігерге баруға уақыт/ақша/мүмкіндік жоқ болса, ең болмаса гипоалерген диетаға отырған жөн. Аллергияңыз неден кейін ұстайды, соны бақылаңыз. Мысалы, қарбыз, қауын, жүзім, шабдалы жегеннен кейін ұстауы мүмкін. Бал жегенде қозып кетуі мүмкін. Мұндайда бұл жемістерді жемеңіз. Қақталған, қуырылған тағамдардан, ащы-тұщыдан бас тартып, мүмкіндігінше ақ және жасыл түсті жеміс-жидек пен көкөністерді ғана пайдалануға тырысыңыз. Мысалы, жүзімнің қарасын немесе қызылын емес, жасылын жеңіз. Алманың да қызылын емес, көгін жеу керек. Баклажан жемеу керек, бірақ кабачок болады дегендей. Сонда нәтижесін көресіз.

Аллергия ұстағанда міндетті түрде мұрынды тұзды сумен шайып тастаңыз. Тұзды су жасауға ерінсеңіз Синомарин, Хьюмер сатып алыңыз. Нұсқаулықты міндетті түрде оқыңыз. Жүн, синтетика киім кимеуге тырысыңыз. Үйдегі шерсть кілемдерді, жұмсақ ойыншықтарды жинап тастаңыз. Үйді күнде тазалаңыз. Шаңға жоламаңыз. Маска тағып жүріңіз. Бірақ, ешқашан, ЕШҚАШАН біреу айтты екен деп Дипроспан САЛДЫРМАҢЫЗ! Біреу жазылыпты деп көрінген дәріні ішпеңіз, шашпаңыз, пайдаланбаңыз. Әр адамның ағзасы әртүрлі, аллергия да түрліше затқа болатынын ескеріңіз.

БАД-мад дегенге де әуестене бермеңіз. Соның ішінде, әсіресе, шөптен жасалған дәрілерден абай болыңыз.

Антигистаминдерді де уыстап іше беруге болмайды, олардың нұсқаулығын міндетті түрде оқыңыз.

Мұны ақыл емес, "тәжірибелі" аллергик айтқан пайдалы кеңес деп қабылдаңыз», – деді Жұлдыз Әбділда.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации