Жарға жыққан жарнама: Мен алдандым!

25 ақпан, 21:25

Фото: ғаламтордан

- Мынау арықтауға арналған дәріні керемет дейді. Нәтижесі бір айда көрінеді екен. Жарнамасын көрген бойда сатып алдым.

- Кім айтты, дәріні ішіп көргендер бар ма?

- Иә, әлеуметтік желідегі парақшасында оң нәтижелі пікірлер жазылып жатыр. 130 келі тартатын бір әйел 80 келіге арықтапты. Әлі де тоқтатпаймын, ары қарай жалғастырамын деп жазыпты.

- Жаза береді ғой, соған да сенесің бе?

- Ой, сен де тым күмәншәлсің. Мұны тіпті елімізге танымал адамдардың өзі жарнамалап жатқан жоқ па? Бір емес, бірнешеуі осыдан арықтағандарын айтып жатыр. Өнер адамдарының өздері ұсынған дәрінің шынымен де пайдасы бар.

- Ммм, әйтеуір саған көмектессе болды.

- Көмектеспегенде ше? Ертең-ақ қылдырықтай болып шыға келемін.

Осылай деген әпкем, бағасы 50 мың теңге тұратын дәріні үстел үстіне қоя салды. Дәрінің атын мұқият оқығаннан кейін, желідегі парақшасын іздей бастадым. Шынымен, «жұлдыз» деп төбемізге шығарып жүрген өнер адамдары бірінен соң бірі жарнамалап жатыр екен. Тіпті блогерлер арнайы вайн да түсірген.

Жарнамалап жатқан өнімдерімізді алдымен өзіміз тексереміз деген жұлдыздардың сөзіне қаншалықты сенуге болады?

Иә, халық өздерінің сүйікті әртістеріне сенеді. Олар жарнамалаған әрбір өнім пайдалы деп ойлайды. Солай болып шықса, құптайсың ғой... Бірақ өкінішке қарай, олай бола бермейді.

Жалған жарнамаға алданып, алаяқтыққа ұрынып жатқан жандар көп. Қайда барсаң да, нені ашсаң да жарнамадан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл қазіргі заманның келбеті.

Мысалы, жақында ғана салымшыларын тақырға отырғызып кеткен «Гарант 24 Ломбард», «ЕSTATE Ломбард» және «Выгодный займ» қаржы пирамидаларына «жұлдыздар» жарнама жасаған.

Аталған ұйымға ақша салған елордалық азамат: «Қазақстандық жұлдыздар әлеуметтік желілерде "Гарант-24» ломбардын жарнамалай бастаған соң көлігімді сонда қойдым. Зардап шеккендердің 80 пайызы осы жарнамадан естіген болар деп ойлаймын», - дейді.

Алайда, халықтың алдында жүрген өнер иелері «біз де алдандық» деп аһ ұрды. Тіпті, олар да «қомақты қаражат пен мініп жүрген көлігімізді салып жібердік" дейді.

«Бұл компанияға ешқандай қатысым жоқ. Сіздер сияқты мен де алданып қалдым. Компанияға мені досым алып барды. Ол «көлігіңді қымбатқа сатып, арзанға басқа көлік сатып аласың» деді. Құжатын көріп, көз жеткіздім. Келісімшарты да көрдім. Көп көлік пен пәтер сатын алынғанын да көрдім. Бұл жерде мен ломбард деп ойладым. Кәдімгі қымбат бағаға өткізуге болады деп ойладым. Мен өзім арзан бағаға көлік күттім. Алдандым. Досым да алданғанын айтып отыр. Осы арқылы кейбір достарым арзан бағаға көлік алып, кейбір достарым шын мәнінде көліктерін қымбатқа сатты. Сондықтан олардың жарнамасына түскен едім», - деген еді Айқын Төлепберген.

13 миллион теңгеге шығындалған Асылхан және Артур Төлеповтер де халықтан кешірім сұрап үлгерді.

«Біріншіден, баршаңыздан осындай жарнамаға қатысқанымыз үшін кешірім сұраймыз. Біз де сіздер секілді алдандық, бізді де алдап соқты. Бізді танысымыз арқылы жарнамаға шақырды, біз де жарнамаға түспес бұрын әріптестерімізден сұрадық. Олар тақтайшаға жазып бәрін көрсеткен. Системасын көрсетті. Құжатын, барлығын көрдік. Біз де таңғалдық нарықтағы бағадан арзан сатып, сіздерден қымбат сатып аламыз деген сияқты. Біз таңғалғаннан кейін қызығып, жарнамасына түсіп, біз де қазіргі таңда жәбірленуші атанып отырмыз», - деді.

Осылайша бұл қаржы пирамидасына жарнама жасаған жұлдыздар бірінен соң бірі халықтан кешірім сұрап, жағдайды түсіндіріп жатты.

Өнер адамдары жарнамалаған компаниялар қаржы пирамидасы болып шықса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жауапқа тартылады. Аталған кодекс бойынша қаржы пирамидасын жарнамалаған жеке тұлғаларға 400-450 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

«Елімізде қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларды жауапқа тартуды күшейту мақсатында 2012 жылы Қылмыстық кодекске өзгерту енгізілген. Артынша әкімшілік кодекске де өзгертулер енгізілді. Ол жерде қаржылық пирамидаларды жарнамалғандар да жауапкершіліктен құтылмайды деп көрсетілген. Оларға 150 АЕК айыппұл салынады. Пирамида құрғандарға қылмыстық іс қозғалса, жарнамалағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті тергеу барысында алаяқтықпен айналысқан ұйымды жарнамалағандар да тексерілетін болады», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басқарма бастығы Нуридин Дауылбаев «Ашық Алаң» бағдарламасында.

Мұндай пирамидаларды жарнамалаған шетелдік әртістер де халықтың сенімінен айырылған.

Мысалы, ресейлік актер Владимир Пермяков МММ атты қаржы пирамидасының тікелей өкіліне айналған. Жарнамалап жүріп біраз байлыққа да кенелген. Бірақ бұл ұзаққа бармады. 1994 жылы МММ құрдымға кеткенде, ұрлықтың арты ашылды. Қаржысынан айырылған салымшылар, Владимир Пермяковті айыптады. Тіпті, бірнеше рет актердің өміріне қауіп төндіргендер де болған.

Инстаграмда жарнама  жасап күн көру үшін «подписчик» жинайтындардың саны артып барады. Иә, әлеуметтік желілер қазір ақша жасаудың оңай жолына айналған. Алайда, пайдасы мен қатар зияны да бірге жүретін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Нарық заманында барлығы қалтасын қампайтса болғаны.

Инстаграмда жарнама жасау арқылы тегін суши жеп, көйлегін көктеп жүрген болгерлер көп. Ең өкініштісі, халық соларға сенеді. Қалтасындағы соңғы тиыны болса да солар жарнамалаған өнімді сатып алуға дайын.

Тіпті, соңғы кездері үйлерін, көліктерін ұтысқа қойып лоторея ойнатып жатқандар да, «қомақты қаражат ұтып аласың» деп кітаптарын сатып жатқандар да бар. Бірақ оның барлығының қаншалықты заңды екенін тексеріп жатқандар жоқ.

Парламентте «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл заң енгізілсе, әлеуметтік желіде лотерея ойнатқан жеке тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Олар ұтыстан түскен қаржысынан айырылады және айыппұл төлейді.

Тіпті, «ұтыс ойнатылып» жатыр екен деп толып жатқан «ханымдардың» кітаптарын жаппай сатып алып жатыр. Барлығының көксегені тегін дүниені иемденіп қалу.

Мен де осыдан екі жыл бұрын бір психолог ханымның «осындай ұтысына» қатысып көргенмін. Бас бәйге – автокөлік. Көлік ұтып алып, жолы болғыштардың қатарынан көрінгім келді. Ойын шарты бойынша, 10 мың теңгеге кітаптарын ойланбастан сатып алдым. Бірақ жүлдесіз қалдым, тіпті ұсақ-түйек сыйлықтар да бұйырмады. Жүлдеден үмітті мен сияқтылар қаншама? Лотореяның сыртында «Нағыз ұтыс кітаптың ішінде» деп жазылған екен. «Хош!» дедім де, кітапты бір парақтап шықтым. Іші толған мотивация. Мотивация деймін-ау, маған анамның күнде айтып жүрген тегін ақылы сол жерде жазылыпты. Бас жүлдеден үмітті бір әйелдің сөзін құлағым шалып қалды. Түсінгенімдей, бас жүлдені ұтып алу үшін 100 мың теңге көлемінде кітап сатып алған екен. Тиісінше, оған 10 лотореялық билет келеді. 10 билетпен қатыссам, ұту мүмкіндігім жоғары болады деп ойласа керек. «Қайран ақша!» - дедім де қоя салдым. Содан кейін мұндай «розыгрыштарға» қатыспаймын деп шештім.

Әр нәрсе санаға байланысты. Алайда «жұлдыздар» жарнамалап жатқан дүниелер адамдардың күдігін сейілтіп, сенімін арттыруда. Болған іс болды, бірақ бұдан кейін осындай жағдайларды қадағалап, лайықты жазасын беретін шара қолданылса екен дейміз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации