Вице-министрдің ұтысына қатысты Жайылғанованың орынбасарынан жауап келді

04 наурыз, 13:58

Фото: bi group

Nege.kz порталында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұловтың Bi Group компаниясының ұтыс ойынына қатысып, пәтер ұтып алғанын жазғанбыз. Осы мәселеге байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Анар Жайылғановаға жолдаған ресми сауалымызға төраға орынбасары Д.Жазықбаевтан жауап келді.

Анар Нұралықызына жолдаған сұрақтарымыз мынадай болған:

Мемлекеттік қызметкердің ұтыс ойынына қатысуы қаншалықты заңды? Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қандай тыйымдар бар? Вице-министрдің ұтыс ойынына қатысуы заңсыз болған жағдайда шара қолдану туралы ұсыныс бересіздер ме?

Жауапты былай түйіпті:

«ҚР Конституциясының 39-бабының 1-тармағында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін деп көрсетілген.

«ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңының (бұдан әрі – заң) 8-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшінің мәртебесі ҚР заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулері бар. ҚР азаматы ретінде мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.

Осы ретте, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер заңның 13-бабында көзделгенін атап өтеміз.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші өкілді органның депутаты болуға, педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде коммерциялық ұйымды басқаруға тікелей қатысу ҚР заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кірмейтін болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға, өзі қызмет істейтін не өзіне тікелей бағынысты немесе өзінің тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға, өзінің қызметтік жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарға пайдалануға, ереуілді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға, лауазымдық өкілеттіктерін атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілген қызметтерін жеке мақсаттарына пайдалануға құқылы емес.

Осылайша, қолданыстағы заңнамада мемлекеттік қызметшінің ұтыс ойындарына, оның ішінде коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілген қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтыс ойынына қатысуына шектеу көзделмеген.

Осыған байланысты, мемлекеттік қызметші ұтыс ойындарына қатысып, ұтыс ойынының шартына сәйкес жеңімпаз болып танылған жағдайда, ұтысты алуға құқылы деп пайымдаймыз».

Заңның 13-бабын оқып біткенше ішегің үзіліп кете жаздайды екен. Дегенмен, қандай да бір шектеулердің болғаны дұрыс сияқты. Жазықбаевтың жауабының түйіні соңғы сөйлемде тұр. Алайда төрағаның орынбасары «мемлекеттік қызметшіге ұтыс ойынына қатысуға болады» деп кесіп айтпайды. Үзілді-кесілді «болмайды» да демейді, тек «қатысуға болады» деп пайымдайды. Ендеше, төраға орынбасарының пайымын «мемлекеттік қызметшіге анда-санда казиноға «бас сұғып» тұруға болады» деп түсінеміз бе, қайтеміз?

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации