Ұйғыр аудандық сотының судьясы Сүлейменов парамен ұсталды

08 қыркүйек, 15:09

Фото: alm.sud.kz

Кеше кешкі сағат тоғыз жарым шамасында Алматы облысы Ұйғыр аудандық сотының судьясы Сүлейменов парамен ұсталды. Судья «үш айда 100 мың доллар көлемінде пара алған» деген күдікке ілінді.

Тұрақты оқырманымыздың дерегіне қарағанда, судья Сүлейменовті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті қызметкерлері Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметімен және ҰҚК-нің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесіп ұстаған.

Пара алу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 4-бөлігі (бірнеше рет пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелген.

Іс материалдарына қарағанда, судья Сүлейменов мамыр мен тамыз айларының аралығында қылмыстық іс бойынша ақтау үкімін шығарып, кейін үкімді апелляциялық сатыда күшінде қалдыру үшін сотталушыдан 100 мың доллар пара алған.

Биыл мамыр айында сотталушыны Ұйғыр аудандық соты ақтап шыққан. Алайда 3 қыркүйекте Алматы облыстық соты Ұйғыр аудандық сотының шешімін бұзып, айыпталушыны «пара алу» бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырған.

Nege.kz тілшісі Сүлейменов туралы ашық ақпарат көздерінен дерек іздеп көрді. Алматы облысы Ұйғыр аудандық сотының судьялары тізімі арасында Руслан Алмасұлы Сүлейменов деген судьяның аты-жөнін таптық.

Ұйғыр аудандық сотының ғимараты

Р.Сүлейменов Ұйғыр аудандық сотында 2013 жылдан бері жұмыс істейді екен. 2017 жылы Ұйғыр аудандық сотында судья Р.Сүлейменовтың төрағалық етуімен «ұлтаралық, әлеуметтік, діндік, нәсілдік араздықты қоздырды» деп айыпталған үш қыз бен бір жігітке байланысты ақтау үкімі шыққан.

Естеріңізге салайық, Ұйғыр ауданының Кетпен ауылындағы мектепте болған жайтқа байланысты Г.Байшегашева, Б.Ызбаев, М.Садықова және Б.Нұрәліге Фейсбук және ВКонтакте желісінде жазған жазбалары үшін айып тағылған-ды. Бірақ судья Р.Сүлейменов оларды ақтап, Райымбек аудандық ІІБ тергеушісі Е.Иманқұлов пен Ұйғыр аудандық ІІБ тергеушісі Т.Махметке қатысты жеке ұйғарым шығарған.

Е.Тулбаевты тағайындау сәті.

2018 жылы Ұйғыр аудандық сотының төрағасы ауысты. Аудандық сотқа төраға болып тағайындалған Ерік Әбдіқадырұлы Тулбаевты Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкеновтің өзі таныстырған.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации