ҰБТ-2020: Әділ өтті ме?

03 шілде, 13:42

Фото: ғаламтордан

Биыл ҰБТ-ның енгізілгеніне – 17 жыл. Бұл сынақ мектеп бітіруші түлектің білім нәтижесінің нақты көрсеткіші бола алды ма? Әу баста бұл жаңа үрдісті білім жүйесіне әкелгенде қарсылар да, қолдаушылар да табылды. Себебі, жыл сайын жемқорлық дерегімен ұсталып жатқандар да, жауапқа тартылғандар да азайған жоқ.

Бұл жүйені, әсіресе, кеңестік кезеңде білім алғандардың құптағанын жиі естідім. «Біздің кезімізде факультет декандары бір жылқының бағасын сұрайтын еді. Әр бала оқу орнының ауласына бір жылқысын байлап кететін» дейтін әзіл-шыны аралас. Бұл пікірдің астарында шындық жатқаны рас. Алайда, адами фактор бар жерде жемқорлық тыйыла ма?

Білім және ғылым министрлігіне Асхат Аймағамбетов келгелі бері жемқорлықпен күресуге белсене кірісіп жатыр. Айналасына өзі сияқты жас мамандарды жинағаны да белгілі. Ұлттық тестілеу орталығына басшы болып келген Дидар Смағұлов «2019-2020 жылғы түлектер ҰБТ-ны қағаз түрінде тапсырады. Биыл барынша әділ өткізуге тырысамыз. 2021 жылы сынақ онлайн форматта өтеді» деген еді. Шынтауайтында, биылғы сынақ әділ өтті ме?

            Смағұлов жемқорлықпен жалғыз күресе ме?

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеген Дидар Смағұлов Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық тестілеу орталығының директоры қызметіне кіріскен күні-ақ: «Қазір жұмыс қауырт! Зор жауапкершілік жүгін сезініп отырмын: ұлттық тесілеу орталығы ҰБТ, талапкерлерді кешенді тестілеу, Қазтест және тағы басқаларды ұйымдастырып жатыр. Біздің міндетіміз – түлектерге қолайлы жағдай жасау ғана емес, емтихан кезінде әділдікті барынша қамтамасыз ету. Себебі, кей түлектер үшін грантқа оқуға түсу – жоғары білім алудың жалғыз мүмкіндігі», – деді.

Сол кезде ол: «Бірінші күннен-ақ осындай пост жазғаным көңіліме жақпайды, бірақ туған-туыс, дос-жаранымның кейбірі мұнда не үшін келгенімді дұрыс түсінбеген сияқты. Мен жемқорлыққа қарсы агенттіктен жемқорлық ең көп жайлаған салалардың біріне біреуге тест тапсыруға немесе смартфон алып кіруге көмектесуге келген жоқпын. Мұндай өтініштер намысыма тиеді. Кейбіреулер телефон соғып, құттықтап, мәселені «шешіп берші» деп сұрап үлгеріп жатыр», – деп жазды Facebook-тегі парақшасында.

Бұған дейін «шешіп берші» деп хабарласқан жақындарының бетін қайтарған қазақты көрген жоқпыз. Егер Смағұловтың айтқаны рас болса, осы қызметтің арқасында қанша туысынан, танысынан айрылды екен, ә?

«Біз уәде бердік... өз сөзімізде тұрамыз!»

Дидар Смағұлов: «Біз тарихта ең әділ ҰБТ-ны ұйымдастыруға уәде бердік. Біз өз сөзімізде тұрамыз! Біз дәл Сіздер сияқты әділдікті қалаймыз. Және 70 балды жинай алмай жүрген оқушының ҰБТ-да кенеттен 130+ алғаны бізге де өте өкінішті. Осы сынды жайттар жеке-жеке қарастырылатын болады. Ғаламторда жарияланған әрбір кітапша қайталанбас және оның өз иеленушісі бар. Біз әділ тапсырмаған тестіленушінің әрқайсысын анықтап, нәтижелерін 25 тамызға дейін жоятын боламыз. Тіпті, осындай ұйымдастыру ісіне араласып жүрген біздің де қызметкерлерді жауапқа тартамыз. 25-тен аса мемлекеттік комиссия құрамынан шығарылғандар бар, ондаған қызметтік тергеулер жүргізілуде», – деді.

Биыл басқа жылдарға қарағанда ҰБТ 85-90 пайызға әділ өтті дегенді жиі естідік. Тіпті, «әділетті ҰБТ жасауға болады екен ғой» дегендер көп болды. Былтыр 110 мыңнан аса тест тапсырушы қатысып, 115 мың смартфон тәр­кілен­ген еді. Тіпті, бір баладан 13 смартфон шық­қан де­рек тіркелді. «Сонда олар ҰБТ-ны білімін дә­лел­деу үшін емес, смартфонды кім өткізе ала­тынын көрсеткісі келгендей әсер қал­дырды. Осы­лайша, біз бір өзгерістің керегін тү­сіндік. Ми­нистрлік алдымызға арнайы жүк­теме қой­ды. Біз оқушы санасына адал­дық­тың маңы­зын сі­ңі­руі­міз керек. Сонда болашақта одан жем­­қор ма­ман шықпайды. Жүйелей келе «1 тест тапсы­ру­шы – 1 бақылау камерасы» қағидатын енгіздік» деген Смағұлов. Ал биыл ҰБТ-ға ұялы телефон, басқа да құрылғылар, шпаргалка алып келген түлектер де есік аузынан қайтарылды. Олар бір жылға дейін тест тапсыру құқығынан айрылды да.  

Адами фактор бар жерде жемқорлық та бар

Биыл ҰБТ науқанын ата-аналар үйінде отырып онлайн қадағалай алды. Індетке байланысты аудиториядағы бала саны да аз болды. 21 маусым мен 2 шілде арасында өткен сынақта да түрлі айла-әрекетін жүзеге асырғандардың бар екеніне күмән келтіре алмаймыз.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 6 аудиториясында сынақ тапсырған қызымды бақылаймын деп, басқа түлектің біраз уақыт қамнен-қаперсіз отырғанын көзіміз шалғаны бар. Оны Фэйсбук әлеуметтік парақшасына жарияладық та. Әп-сәтте қаншама адам бөлісті. Біреу «ауырып отырған шығар» деді, енді бірі «өз балаңның ғана тілеуін тілеп отырмайсың ба, амалын тапқан адам істей берсін» деді өзеуреп. Бірақ сол екі ортада оған бір әйел келіп жолығып кетті. Сүтпісірім уақыттан кейін қайта келіп, үстел бетіне қағаз қойды да, өзімен бірге сыртқа алып шықты.

Иә, бәріне көз жұмып қарауға болады әрине. Ұлттық тестілеу орталығы «әділ өткіземіз!» деп бел шеше кіріскен екен, бұл талап бәріне бірдей болуы керек меніңше. Егер ол қыз ауырып отырса, аудиторияға кірмес еді, талай ыстығы көтерілген оқушы басқа күнге ауыстырылды. Ал енді аяғын теңселтіп, бір қарағанда партаға етбетімен жатып алған қыз аудиториясын шатастырып алса, ертерек қамданбай ма? Сол бөлмедегі кезекші «адасқан» қызға өз аудиториясын тезірек тауып бермей ме? 

Осы жариялаған посттың астына Әсемгүл Төлепбергенова деген кісі әлгі қызбаланың тапсыру тілін шатастырып алғанын жазыпты. Сенгізіміз келеді, бірақ бәрібір көңілдегі күдік сейілмеді.

Осы жайттан кейін біраз ата-ана шынын айтамын деп, сырын айтып қалды. «Тамыр-танысы барлар қазір де сатып алып жатыр. Ондай бала аудиторияға кіріп, ерігіп отырып, артынан боялған кітапшаны ауыстырып қояды екен. Сонымен, жоғары балл қамтамасыз етіліп тұр» деген пікірді төпелетті. Тағы бір ата-ана: «Балам тапсырған аудиторияда құр қаламсаптың басын сорып отырып шығып кеткен 2 бала болыпты. Демек, олар да біреуге сеніп отыр» деген-ді.

Шынтуайтында, бұл жолғы ҰБТ мейлінше әділ өтті десе де, осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттер болмады дегенге сене қоймаймыз. Смағұлов бұл іске кірісіп, білім саласындағы жемқорлықты түп-тамырымен құртқысы келген екен, екі қолымызды көтеріп құптаймыз. Бірақ бұл бір жылдың, я болмаса екі жылдың еншісіндегі шаруа емес. Бұл жемқорлық білім беру саласының түп-тамырына баяғыда терең бойлап кеткен. Енді Смағұловтың соңына дейін күресуге шамасы жете ме, мәселе сонда.

Нәтиже қандай?

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2020 жылғы кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысын жариялады. 21 маусым мен 1 шілде аралығында өткен сынаққа – 131 754 өтініш тіркелсе, оның 111 113-і, яғни 82 пайызы – биылғы мектеп түлектері. Тестілеудің әділ өту барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкілі жіберіліпті. Сонымен бірге, ҰБТ барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділері бар Арнайы мониторингтік топ (510 адам) бақылаған.

Сонымен, шекті балды 82 154 талапкер жинаса, жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш – 64,06 балл. Былтыр да осы шамада болған екен. Биылғы тестілеуде алғаш рет электрондық үкімет базасы арқылы Face ID жүйесі пайдаланылды, осыған байланысты ҰБТ тапсыруға басқа адамның кіруге әрекеттенуі айтарлықтай төмендеді. Мәселен, биыл 7 мектеп түлегі өз орнына ҰБТ-ға басқа адамды жібермек болса, өткен жылы дәл осындай 34 жағдай болғанын айта кеткен жөн.

119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады. Яғни, ыстығы көтеріліп, сынаққа жіберілмегендер үшін басқа күндері, яғни 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылатын болады. Сонымен бірге, биыл алғаш рет талапкерлерге калькуляторлар пайдалануға рұқсат етілді. Тестілеу уақыты ұзартылып, түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды. ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан астам адам ҰБТ барысын онлайн режимде бақылады. Енді ережеге сәйкес, 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейнежазбада грант иеленген талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылады және гранты қайтарылады. Еліміздің барлық ҰБТ өткізу бекеттерінде сақтық шаралары қолға алынып, медициналық-санитарлық нормалар қатаң сақталды.  

Енді тамыз айында ақылы ҰБТ өтеді. Онда талапкер шектік балл жинаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсе алады. Ал мамандар бұл қағаз түріндегі соңғы сынақ дейді. Министрлік 2021 жылы қағаз жүзіндегі тестілеуді толығымен ауыстырып, онлайн түрінде өтетінін айтты. Нағыз әділетті сынақ сол кезде болады дейді білетіндер. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации