«Түркістан облыстық сотының төрағасы Алматыдан жұмыс іздеп жүр...»

15 қыркүйек, 12:45

Фото: nege.kz

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Түркістан облыстық сотының төрағасы Т.К.Баратбековтің хаты делінген әлдебір құжат тарады. Президент Қ.Тоқаевтың атына бағытталған хатта төрағаның облыстық сотта жемқорлықпен қалай белсенді күресіп жатқаны айтылып, қызметтен босату мәселесінде объективті болуды сұрайды.

Бұл хат ішкі құжат па, әлде қоғамдық пікір туғызу үшін әдейі жария түрде жолданған ба, ол жағы әзірге белгісіз. Қызығы сол, «өңірлік сотта не болып жатқанын тексеріңіз» деген емеуріні бар хаттың Мемлекет басшысының атына бағытталғанында.

Түркістан облысындағы тұрақты оқырмандарымыздың бірі Nege.kz редакциясы хабарласып, «бір қазанға басы сыймаған екі қошқардың кесірінен мәселенің тым тереңдеп кеткенін» айтты.

Облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков пен соттар әкімшісі Орынбасар Лештаевтың арасындағы астыртын текетірес төрағаның Президентке үшбу хат жазуына дейін жеткен. Тілшіміз бұл мәселені індете зерттеп көрді.


Әлеуметтік желіде жарияланған хат

Баратбеков пен Лештаевтың арасынан қандай қара мысықтың жүгіріп өткені әзірге белгісіз. Әйтеуір, 2019 жылдың жазынан бері екеуінің бірін-бірі атарға оғы жоқ сияқты көрінеді. Мұны өңірдегі кейбір БАҚ-та жарияланған «компроматтардан» байқадық.

Өткен жылы 26 маусымда «С-ИНФОРМ» деп аталатын газетте «Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің немесе Түркістан облыстық сотының төрағасы коррупционер ме?» деп аталатын тақырыбы айқайлап тұрған мақала шықты. Онда сот төрағасы туыстарын облыстық, аудандық соттарға жауапты қызметке қойғаны, Түлкібас аудандық сотының төрағасы Бекназаровтан көмекшісі арқылы 2 570 000 теңге сұрағаны сөз болады.

Бір айдан соң Фейсбук желісінде дәл осы мәселені газет редакторы тағы көтеріп, Президентке қарата мәлімдеме жасаған.

Биыл 1 қыркүйекте «С-ИНФОРМ» газетінде «Жалған дипломмен облыстық сотты басқару оңай ма?» деп аталатын мақала жарияланады. Онда мақала авторы Баратбековті «алған дипломы жалған» деп айыптайды. Мақала шыққан күннің ертеңінде әлеуметтік желіде «Талғат Баратбеков өз еркімен кетуі керек қой» деген мәселе көтеріліп, облыстық соттың судьясы Ә.Рахымбаевтың 3 млн теңге пара алып ұсталғаны, 2017 жылы Түркістан қалалық сотының судьясы Серікбаевтың 3 млн теңге парамен істі болғаны, 2018 жылы Мақтарал аудандық сотының төрағасы Ниязбековтің 500 мың теңге парамен ұсталып қалағанын, облыстық сот Түркістанға көшірілгенде Баратбековтің қызметтік пәтерді босатпағанын айтады. Тіпті мақала жарияланған соң Т.Баратбековтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны да сөз болады.

Баратбековке қатысты мақалалар мұнымен бітпейді. Аудандық соттың судьялары істі болып жатқанын айта келіп, автор «Талғат Баратбеков енді кетеді» (24.04.2020) деп «үкім» шығарады. Баратбековтің кете қоймағанына ашуланса керек, 25 тамызда жоғарыда аталған газетте автор «Кет дегенде ит те кетеді» деу ғана қалған...» деп бір-ақ қайырады.

Биылғы жылдың 20 қаңтарында өңірлік «Саясат-Ақпарат» газетінде «Орынбасар Лештаев «Қызыл жұлдыз» орденін тауып алды ма, әлде мүрдеден «ұрлап» алды ма?» деген мақала шыққан. Онда ауған соғысына қатысқан Лештаевтың «Қызыл жұлдыз» орденін заңсыз иеленгенін айтып, оныкі «Қызыл жұлдыз» емес, «жай жұлдыз» екенін сөз етеді.

Осыған қатысты О.Лештаев сотқа жүгінсе керек, «Саясат-Ақпарат» газетінің кезекті бір санында тақырыбының өзі «сөйлеп» тұрған «Қызыл жұлдыз» орденінің «иегері», «қаһарман» О.Лештаев сотқа беремін деп, «отқа» түсті» деп аталатын мақала жарияланды. Тілшіміз анықтағанындай, О.Лештаев моральдық шығын өтеу үшін сотқа беріп, соттың бірінші сатысынан ұтылған. Бірақ іс апелляциялық сот сатысында қаралып жатқан көрінеді.

Өздеріңіз байқағандай, төраға мен әкімшінің арасында шынымен де жасырын «майдан» жүріп жатқанға ұқсайды. Бұл Түркістан облыстық сотының жұмысына кесірін тигізбей қоймайтыны тағы белгілі.

Баратов пен Лештаевтың ауыл тұрғындарымен кездесуі

Биылғы жылдың басында Түркістан облыстық сотының судьясы Ә.Рахымбаевтың парамен ұсталғанын Nege.kz порталы бірінші болып хабарлаған. Судья ұсталған кезде Жоғарғы сотта жиын өтіп жатқан. Жиынға Т.Баратбеков те қатысқан. Жиыннан соң Баратбеков Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановтан «сыбағасын» алғанын жазғанбыз.

Одан кейін Түркістан облыстық азаматтық сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетовтің ұсталғанын жаздық. Мұны бірқатар ақпарат агенттіктері көшіріп басқан.

  • Тақырыпқа орай: Түркістан облыстық азаматтық сот алқасының төрағасы ұсталды 

Түркістан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбеков пен сот әкімшісі О.Лештаевқа қатысты көңіл аударарлық біраз дерек қолымызға түсті. Оны алдағы уақытта зерттейтін боламыз.

P.S. Облыстық сот төрағасы мен сот әкімшісінің мәселесі қалай шешілсе де, тар көпірде кездескен екі «текенің» текетіресі Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа да, тұтастай сот жүйесіне де абырой болмайын деп тұр...

#түркістан #сот #баратбеков
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации