Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемақы алатындардың тізімі кеңейтілді

30 наурыз, 19:16

Фото: сурет ғаламтордан алынды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған тұлғаларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін жаңа әлеуметтік төлемақыны алатындар тізімін кеңейтіп, талаптарын жеңілдететін шешім қабылдады.

Алматы, NEGE. Бір адамға айына 42,5 мың теңге көлемінде (ең төменгі жалақы мөлшері) тағайындалатын әлеуметтік көмекті алушылар қатары ұлғайтылды.  Бұған дейін бекітілген микро, шағын және орта бизнес өкілдері, жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибедегі (нотариус, жеке сот орындаушы, адвокат, кәсіби медиатор) тұлғалар, бірреттік төлем жиынтығын төлеушілер қатарына төмендегі тұлғалар да енгізілді:
– азаматтық-құқықтық келісім-шарт негізінде табыс тапқан, міндетті зейнетақы жарнасы салық төлеушілер есебінен төленген азаматтар;
– карантин жарияланған елдімекендердегі ірі бизнес нысандарының жұмыскерлері.
Төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқандығын растайтын құжаттарды ұсыну тәртібі күшін жойды. Әлеуметтік төлемақы тағайындалу үшін жұмыс беруші өтінішпен бірге тек жұмыскерлерінің тізімін береді. Жоғарыда аталған тұлғалар тек өзінің жеке мәліметтерін көрсету арқылы өтініш бере алады. 
Сондай-ақ, қызметкердің өзі де өтініш бере алады. Жеке тұлғалар өтінішін электронды түрде «Электронды үкімет» веб-порталына қалдыра алады. Ол үшін өтініш берушілер төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандығы туралы мәліметтің дұрыстығына өзі жауапты болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұрын әлеуметтік төлемге өтінішті жұмыс берушілер өздерінің жұмысшылары үшін берсе, жеке кәсіпкерлер, шағын кәсіпкерлер және бір жолғы төлемді төлеушілер өздері үшін беретін. 
Сонымен бірге, жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде қызметті шектеуге байланысты өз қызметкерлерінің кірістерін жоғалтуын растайтын құжаттарды, қызметкерлердің тізімін және қызметкерлерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысын беру туралы бұйрықтан үзінді ұсынуы керек болатын.
Төлемақыны төлеу үшін қажетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзімі қысқартылды. Егер бұрын төлемақыны тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне соңғы 12 ай ішінде кемінде 3 ай қатысқандығы туралы мәлімет талап етілген болса, енді төлемақыны тағайындау үшін жұмыс беруші жұмыскеріне 12 айдада ең болмаса 1 рет  әлеуметтік жарна аударған болса, жеткілікті.
Әлеуметтік төлемақыдан үміткерлер өзінің әлеуметтік аударымының немесе зейнетақы жарнасының бар-жоғын дәлелдеп жатуы міндетті емес, ол туралы "Тұрғындарға арналған үкімет" ҰАҚ автоматты түрде тексереді.
Сонымен қатар, өтініштерді қарау және әлеуметтік төлемақыларды тағайындау мерзімі 7 күннен 3 күнге қысқартылды. 
Төтенше жағдай кезіндегі МӘСҚ-дан төленетін жаңа әлеуметтік төлемақы туралы қажетті кеңестер алу үшін "жедел желі" қызметі жұмыс істейді:
 +7 707 335 06 13
 +7 707 335 05 14
 +7 707 335 06 15
 +7 702 047 29 35
 +7 702 172 39 21
 +7 702 957 45 93
 +7 775 882 51 46
 +7 775 822 52 87
 +7 775 882 53 49 
 +7 775 882 53 66
 +7 778 382 27 26
 +7 778 487 33 48
 "Жедел желі" күн сайын сағат 09:00-ден сағат 18:00-ге дейін істейді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации