Тәртіпке бағынған құл болмайды: Алматы көшелеріндегі ахуал қандай? (фотореп)

31 наурыз, 12:55

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешімімен 30 наурыздан 5 сәуірге дейін күшейтілген карантин режимі енгізілді.

Алматы, NEGE. Сол себепті қала аумағындағы барлық мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Полицейлер көшеде себепсіз серуендегендер мен босқа жүрген көліктерді тоқтатып, ереже бойынша ескерту жасады.

Қызмет істейтін азаматтардың жұмыс орнынан берілген анықтамалары тексеріледі. Оның өзі барлық мекемеге бірдей жүргізілмейді. Күшейтілген режим бойынша тек ең қажетті мекеме қызметкерлері ғана жұмыс істей алады. 

Төтенше жағдайдың режимін қасақана бұзатын автокөлік иелері еліміздің әкімшілік кодексінің 785-бабына сәйкес айыппұл тұрағына жөнелтіледі.

Қала тұрғындары тек тағам, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін, сондай-ақ төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну үшін ғана көшеге шыға алады. Ал қарт адамдардың сыртта жүруіне мүлдем тыйым салынады. Карантин кезінде қараусыз ойнап жүрген балалар үшін ата-аналары айыппұл төлейді.

Дәріханаға келген тұрғындар белгілі бір ара-қашықтықты сақтай отырып, кезекке тұрады. Ал дүкендер мен супермаркеттерге маскасыз келген адамдарға есік жабық. Сонымен қатар азық-түлік, дәрі-дәрмектер пен қажетті заттарды сатып алу таңертеңгі 9:00-ден түнгі 22:00-ге дейін қолжетімді.

Адам көп жиналатын саябақтар, жағалаулар, ойын алаңдары жабылған болатын. Қала көшелерінде белгіленген тәртіпке сай дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сыртта тұрғындардың топтасып жүруіне тыйым салынған. Сонымен қатар, үй жануарларын серуендетуге алып шыққандар да айыппұл арқалайды. Егер бұл талаптар ескерілмесе, құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 473 бабына (қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын адамдардың заңды талабына бағынбау) сәйкес және 476 бапқа (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.

Қала әкімдігі тұрғындарды карантин талаптарын орындап, мейлінше үйден шықпауға шақырады. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 473 бабына (қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын адамдардың заңды талабына бағынбау) сәйкес және 476 бапқа (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік шаралар қолданылатын болады.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации