Швейцарияда «Абай оқулары» өтті

30 маусым, 12:08

Фото: ғаламтордан

Қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі Цюрих университетінің академиялық орта өкілдері, Абай шығармашылығын сүйіп оқитын швейцариялықтар, сол елде оқитын қазақстандық студенттер, қазақ диаспорасы мен елшілік достарының қатысуымен «Абай оқулары» атты open-air іс-шарасын ұйымдастырды.

Алматы, NEGE. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Іс-шара Люцерн маңында Альп және атақты Люцерн көлімен қоршалған ескі Мегган сарайы жанында өтті. Коронавирус пандемиясына байланысты мұндай формат өте қолайлы және орынды болды, өйткені Абай өлеңдері академиялық қабырғаларға қарағанда табиғат аясында ерекше оқылады.

Шарада Қазақстан Елшісі Әлібек Бақаев: «орыстар үшін Толстой, ағылшындар үшін Шекспир, немістер үшін Гете қалай бағаланса, қазақ халқы үшін Абай да сондай құрметке ие. Егер әлем Абай туралы және оның қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі туралы білсе, онда біз қазақ әдебиеті әлемдік классикалық әдебиетте өзінің маңызды орнын алды деп айта аламыз» деп атап өтті.

Цюрих университетінің Антропология және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының жетекшісі, қазақ тілін меңгерген профессор Петер Финке Абай шығармашылығы қазақ әдебиеті мен тарихы үшін аса құнды екенін атап өтті.

Ұлы ақынның шығармашылығымен таныс іс-шара қонақтары Абай шығармаларын қазақ, француз және неміс тілдерінде оқыды.

Ұлы қазақ ақынын еске алуға арналған «Абай оқулары» өте жылы және достық атмосферада өтіп, қазақ әдебиетін насихаттап, барлық қатысушыларға жағымды естеліктер қалдырды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации