Шөкеев есеп берді

14 ақпан, 12:37

Фото: сурет ғаламтордан алынды

 «Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Сол себепті, бұл өңірде әлеуметтік сала басты назарда», деді облыс басшысы Ө. Шөкеев халыққа есеп беру кездесуінде.

Алматы, NEGE.  Облыс басшысының айтуынша, жалпы әлеуметтік қамсыздандыру саласына 2019 жылы 82 млрд теңге қаржы қарастырылған. Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

«Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 96 мыңға жуық адамды қамтып, жоспар 20,6%-ға артығымен орындалды (жоспар 79 603). Осы бағдарлама аясында бірінші рет өз ісін ашамын дейтін азаматтарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (505 мың теңге) 8 мыңға жуық азаматқа мемлекеттік грант ұсынылып, жеке ісін ашуға мүмкіндік берілді» деген Өмірзақ Естайұлы былтырғы жылы аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгеніне тоқталды.

Атап айтсақ, былтыр атаулы әлеуметтік көмекке 70 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл сомма өзге жылдармен салыстырғанда анағұрлым қомақты. Соның нәтижесінде облыс халқының үштен бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмек алды немесе әр отбасы орта есеппен айына 100-120 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмекпен қамтылды.

Көмек алушылардың 60 пайызы көп балалы отбасылар санатынан. Осындай қолдаудың арқасында 6 690 отбасы әлеуметтік көмек есебінен өз ісін ашуға және өз табысын арттыруға мүмкіндік алып, 43 мың жұмыссыз азамат атаулы әлеуметтік көмек аясында жұмыспен қамтылды. Биылғы жылы да әлеуметтік қолдауда елеулі өзгерістер орын алды. Біріншіден, көп балалы отбасылардың мәртебесін арттыру мақсатында олар жеке санатқа шығарылды.

         Яғни, 2020 жылы отбасының табысына қарамастан 4 және одан да көп балалы отбасыларға бала санына қарай 43 мыңнан 73 мың теңге аралығында мемлекеттік жәрдемақы тағайындау басталды, қазірдің өзінде 100 мыңнан астам отбасы осы жәрдемақыны алды. 

         Екіншіден, әлеуметтік қолдауда әділеттілікті қамтамасыз ету және азаматтарды еңбекке ынталандыру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жетілдірілді: отбасының табысын есептеу кезінде көптеген әлеуметтік төлемдер алынып тасталды, 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдірілген әлеуметтік пакет енгізілді.

         Үшіншіден, мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының бастамасымен  өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейінен шығуға ұмтылдыратын «Қамқорлық» бағдарламасы әзірленді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации