Шөкеев әйелдерді кеңесші етуге неге құмар?

19 наурыз, 17:09

Фото: nege.kz

Елбасы  Н.Назарбаевтың «келесі мәслихаттың құрамының кемінде 30 пайызы әйелдерден тұратын болсын» дегені бар. Феминизм дегеніңіздің кейінгі кездері бірінші планға шығып кеткені  жасырын емес қой.  Алдағы уақытта Мәжілістің, мәслихаттың, үкіметтің құрамын жасақтау кезде гендерлік саясатпен қаттырақ санасатын боламыз. Бұған шүбә жоқ. Ал   Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өзіне тек әйел кеңесшілерді алғанда кіммен, қандай саясатпен санасқанын түсінбедік.

Шөкеевке үйдегі жеңгеміздің кеңесі көбірек ұнап, сол себепті қызметте де кеңесшілікке нәзік жандыларды шақырып жатыр ма? Әлде әйел заты Шөкеевтің ең осал жері ме? Бәлкім, бұл жай ғана кездейсоқтық па?   

Былтыр  Шөкеевтің кеңесшісі қызметіне Әлия Шалқарова тағайындалды. Неге екенін қайдам, бұл тағайындау ақпарат құралдарында кеңінен жарнамаланып, тіпті дабыраға айналды. Әлия Шалқарова ұзақ жылдар Өзбекстанда хореограф болып істеген. Соңғы жылдары Шымкент қалалық мәдениет басқармасына басшылық жасады. Оны облыстық әкімдікте ешқандай лауазымының жоқтығына қарамастан Түркістанға жиі барғыштап, мәдениетке қатысты шараларға білек сыбана кірісіп жүргені бұған дейін де көп айтылатын. Шалқарова кеңесшілікті сол кезде-ақ көздеп жүрсе керек.  Бірақ хореограф ханым жаңа қызметке тағайындалуы мұң екен, әлеуметтік желіде бір кездері оның жағымсыз тірліктермен айналысқаны туралы пікірлер жазыла бастады. Оның қаншалықты рас, қаншалықты өтірік екені белгісіз. Бірақ бұдан мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибесі шамалы, жұрт көп танымайтын Шалқарованың кеңесшілікке тағайындалуына көпшілік оң қабақ таныта қоймады.

Ә.Шалқарова

Биыл ақпанда Шөкеевтің кеңесшісі қызметіне Гүлжан Құрманбекова тағайындалды. Ол бұған дейін, дәлірегі былтыр тамызға дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. Г.Құрманбекова бюджет, қаржы салаларына жетекшілік еткен. Ал дәл осы салалар Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен кетіп, оның орнына Ерлан Айтаханов келген соң қатты сынала бастады. Айтахановтың жаңа орынбасары Ербол Садыр баспасөз мәслихатында өз алдына отау тіккен  Шымкенттің бюджетін жоспарлауда елеулі кемшіліктердің жіберілгенін, соның салдарынан қалада жаңадан құрылған басқармалардың қаржыландырылмай қалғанын жария етті.

Былтыр жыл соңында Есеп комитеті де Шымкентте бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалануда жүйелі кемшіліктер жіберілгенін  анықтады. Бюджеттің жоспарлануына жауапты болған Гүлжан Құрманбекованың жылы орнын не үшін суытқаны осыдан кейін түсінікті болды. Шымкенттегі жайлы орнынан кеткен ол Шөкеевке кеңесші болып барған кезде ел тағы шу етті.

Г.Құрманбекова

Енді міне, бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Өмірзақ Шөкеев кеше аппарат мәжілісінде өзінің жаңадан тағайындалған тағы бір кеңесшісін таныстырған. Ол да нәзік жанды. Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері қызметін атқарып жүрген Жанар Оспанова. Өкінішке қарай, әкімнің үшінші кеңесшісі туралы да ел жақсы сөз айтып отырған жоқ. Түркістанда коронавирустың шуына енді кеңесшінің шуы қосылуы мүмкін.

Су жаңа кеңесшіні жұрт ақпарат құралдары арқылы жақсы біледі. Жағымсыз жағынан. Алысқа бармай-ақ қояйық, биыл қаңтарда оның Түркістан қалалық емханасындағы қызметкерлерді екіге жарып, өзінің командасындағы кадрларға  сыйақы үлестіріп, ұнамағандарын шөміштен қаққаны республикалық телеарналардан көрсетілді. Тіпті облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының бас дәрігердің өз кадрларына 600 мың теңге сыйақы аударғанын сыбайлас жемқорлық фактісі ретінде атағаны, дәл осындай алалаушылықты Ж.Оспанованың Шардарадағы аурухананың бас дәрігері болған  кезде де жасағанын аурухана қызметкерлері айтты. Ал осындай  атышулы басшыны Шөкеев кеңесшілікке шақырып, жауапты штабтың жұмысына жетекшілік жасауды тапсырып отыр. «Бүгін кеңесшіліктің креслосын иемденген Жанар Мықтыбекқызы ертең облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болуға мықтап бел байлады» деген әңгіме ел аузында жүр.

Ж.Оспанова

Атың өшкір жұқпалы ауру әлем жұртшылығының бойына үрей туғызып, қалай ауыздықтаудың амалын таппай отырғанда  өз ұжымын дұрыс басқара алмай айтыс-тартысқа, айқай-шуға, өзара ұрыс-керіске, алауыздыққа, адамдарды алалаушылыққа жол беріп айрандай ұйыған ауызбіршіліктің быт-шытын шығарған адамға короновируспен күрес жөніндегі штабтың жұмысын үйлестіруді, осыған басшылық жасауды тапсырғаннан кейін жанын шүберекке түйген түркістандықтарда енді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев туралы қандай ой, нендей көзқарас қалыптасады?

Өз ұжымының ынтымағын ыдыратқан бас дәрігер енді тұтас облыстың денсаулық сақтау саласындағы сақшыларын сын-сағатта бірлескен түрде күресуге жұмылдыра алмай, керісінше, дау-дамайдың, арыз-шағымның алауын тағы да тұтандырып жіберсе, бұл айдың-күннің аманында елдің басын көпе көрнеу қатерге байлап беру болып шықпай ма?

Бүгінгідей алмағайып заманда облыс әкімі Өмірзақ Естайұлынан елдің көзінше жауапты жұмысқа бекітілген жұртты шулатқыш Жанар Оспанова ертең денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып шыға келмесіне кім кепіл? Ендеше, «басқарма басшысы болмай жатып Жанар Мықтыбекқызы басқа бас дәрігерлерден бастап қатардағы мамандарға дейін басына бастады, қызметті сатып алып қойғандай сөйлеп мықтылық танытуға көшті" деген көпшіліктің аузындағы пікір рас болғаны ма? Осы сценарий айна-қатесіз жүзеге асса, облыстың денсаулық саласының басы алдағы күндері дау-дамайдан арылмас деген қауіп өте жоғары. Өйткені шағын ұжымның жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмай айқай-шудан көз аштырмаған кадр тұтас облыстың денсаулық саласының түтінін түзу ұшырады, тірлігін түзейді деу ақылға қона ма?

Жанар Оспанова себеп болған, жалыны әлі өршіп тұрған жанжал жайында ақпарат құралдарында аз айтылған жоқ. Ал «ақша жымқырды, ішіп қойды, жеп қойды» деген сыбайлас жемқорлықпен байланысты ауыр айыптаулардың  ақ-қарасын, рас-өтірігін алдағы күндері құзырлы органдар айта жатар. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.

Сәрсенбек Арын.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации