Шымкентте су астында қалған 5 үй қайта салынады

22 мамыр, 08:17

Фото:

Шымкент қаласындағы Елтай тұрғын алабында су тасқынынан қатты зақымданған 5 үй қайта салынады. Оған қаражатты «Шымкент қайырымды қала» әлеуметтік қоры бөледі.

Алматы, NEGE. Бүгін қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев аталған елді мекен тұрғындарымен кездесті. «Әлеуметтік қордан бүгінгі таңда тиісті қаражат бөлінді. Осы аптаның соңында құрылыс жұмыстары басталады. Құрылыс компанияларына үйлерді бір жарым айда аяқтауды айттық. Бұдан бөлек, су басқан 32 үйдің зақымданғаны туралы комиссия шешім шығаратын болса, әлеуметтік қордан қалпына келтіру жұмыстарына тиісті қаражат бөлуді қарастырамыз»,- деді Б.Мамыталиев.

Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары су кірген аулалар мен көшелерді тазарту жұмыстарының барысын тексерді. Еңбекші ауданының Елтай тұрғын алабында қазіргі таңда су толығымен тоқталып, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оған Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 48 адам, 3 техника және 1 мотопомпа жұмылдырылды. «Өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы су басқан аула-аумақтардан, көшелерден лай мен тастарды шығарып, арықтарды жиналған қоқыстардан тазартуда. Сондай-ақ олар бүгінге дейін ұзындығы 30 метр болатын екі көше мен 48 үйдің ауласын лайдан тазартты», - деді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации