Шымкентте дәмханалар әзірге ашылмайды

22 мамыр, 13:39

Фото: ғаламтордан алынды

 Шымкентте тамақтану орындары әзірге ашылмайды. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов әлеуметтік парақшасында осындай мәлімдеме жасады.

Алматы, NEGE. Шенеуніктің бұлай жазуына ел ішінде тарап жатқан қауесет себеп болған. Тұрғындар бір-біріне елде төтенше жағдай алынып тасталған соң мейрамханалар мен дәмханалар жаппай ашылады деп жалған ақпарат таратқан. «Кейбір әлеуметтік желілерде қоғамдық тамақтану орындары (асхана, кафе, мейрамхана, барлар) және спорт залдары ашылады деген хабарлама тарап, тіпті кейбір кәсіпкерлеріміз дайындыққа кірісіп кетіпті.

Әкімдік тарапынан әзірге ондай қаулы қабылданып, шешім шықпады. Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы нысандарды ретімен іске қосуға тапсырма бергенімен, қалаларда ол процесс эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүзеге асады. Бәріміз карантиннің аяқталуын асыға күтіп, саябақ, базарға шыққанымызға қуанып, санитарлық талаптарды ескерусіз қалдырып жатырмыз. Өкінішке қарай, қаламызда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны көбеюде. Сол себепті қаладағы барлық нысанға санитарлық талаптардың орындалуы бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар шектеулер қойылады», - деді Мақсұт Исахов.

Айта кетейік, бұған дейін қаланың бас санитары Әбдіманап Төлебаев шығарған қаулыда көпшілік тамақтанатын орындар мен мешіттің ашылуына тыйым салынған болатын. Оған коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейіп кеткені себеп болған еді. Бүгінде қаладағы кәсіпорындарда коронавирус инфекциясына қарсы скрининг диагностикалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық көлік қызметі өкілдері де сынама тапсыруда. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации