Омар Жәлел қыздарды «маркерге» теңеген сөзіне жауап берді

05 наурыз, 17:59

Фото: dariya.org

Белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел Тараз мектебіндегі шулы дәрісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы, NEGE. «Қыздар академик болмауы керек. Керісінше олар академиктерді тууы керек. Қыздардың мақсаты - бала табу», - деген еді абайтанушы өз сөзінде.

Алайда бұл сөздер оқушы қыздардың ашуына тиген. Тараздағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбек осы тақырыпқа қатысты Instagram желісінде пост қалдырған.

«Неліктен мен ХХІ ғасырда өз мақсатыма қол жеткізу үшін емес, ақымақ бала тумау үшін оқу керексің дейтін әңгімелерді естуім керек», - деп жазады Аяулым Қанатбек.

Аталған сауалға Омар Жәлел: «Маркер деген бар. Маркердің бір ғана қызметі бар: жазу. Маркер жазуды тоқтатқан кезде, біз оны тастаймыз. Әйелдермен де сондай», - деп жауап берген.

Ғалымның сөзіне келіспейтіндер көп. Тіпті мектеп басшылығының өзі оқушы қыздың сөзін құптайтынын жеткізген. 

Омар Жәлел Тараз мектебіндегі шулы дәрісіне қатысты түсініктеме де берді. 

«Егер маркер жазбаса, өзінің жаратылыс мақсатына жауап бермесе, біз оны «аты бар екен де, заты жоқ екен ғой» деп, лақтырып жібереміз. Сол сияқты кез келген жаратылыс иесі өз атына, затына сай болуы тиіс. Яғни, Алла Тағала сені ұл етіп жаратты ма, онда сен мал табуың керек, қыз болсаң, тұрмысқа шығып, ана атануың керек. Міне, мен осындай мысал келтірген едім. Мұны енді олар бұрмалап, «қыз баланы маркер сияқты жазып-жазып, лақтырып тастау керек екен» деп басқаша беріп жатыр. Бұл менің сөзімді бұрмалау», - деді Жәлел. 

Абайтанушы қыз баланың білім алғанын қос қолдап қолдайды. Тек оған қазақтың ұлы ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқан «зәру білім» беру керек деп санайды.

Айтуынша, оның айтқандарын қазақша оқыған қыздар жүз пайыз қолдап отыр, өйткені олар үйінде қазақша тәрбие алған. Мұны қабылдамай жатқандар – орысша оқыған қыздар.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации