Нұр-Сұлтан: 14 науқастың денсаулығы қалай?

17 наурыз, 15:34

Фото: sputniknews.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус жұқтырған 14 жаңа науқастың жай-күйі туралы айтып берді.

 Нұр-Сұлтан, NEGE. «14 адамның барлығы бір рейспен келген жоқ. Бес адам – қаладағы инфекциялық блоктың стационарында жатқан. Қалған 9 адам – эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келген жолаушыларды тексеру барысында табылды. Оның ішінде 4 адам – Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз деп танылған Италия мен Оңтүстік Кореядан келген», – деді басқарма басшысы. 

 Оның айтуынша, бір науқас жұқпалы аурулар ауруханасында орташа деңгейдегі Жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозымен жатқан. Оны қосымша тексеру барысында коронавирустық инфекция табылды және ем тағайындалды. «Барлығының жағдайы қанағаттанаралық, клиникалық белгілер жоқ. Барлығы Нұр-Сұлтан қаласының көпбейінді медициналық орталығының инфекциялық стационарына жатқызылды», – деді С. Қисықова. Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша тағы 14 жаңа науқас тіркелді. Осылайша, қауіпті індетпен ауырғандар саны 27-ге жетті. Оның ішінде 16 жағдай – Нұр-Сұлтанда, 11 факті - Алматыда тіркелген.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации