Ми-ми-ми. Қазақ балалары анимеге НЕГЕ құштар?

29 ақпан, 17:06

Фото: Ақ желкен

Жасөспірімдерге арналған "Ақ желкен" журналы бұл жолы анименің тарихы мен табиғатына үңілген екен. Nege.kz оның оқырманға қызық болар ау деген жерлерінен үзінді келтіреді.

Аниме табиғаты

Кез келген аниме астарында манга жатыр. Манга – жапон комиксі. Яғни бірінші манга шығады. Сол манганың суреттерінің салыну стилімен аниме түсіріледі. Анимедегі бүгінгі бізге таныс үлкен көзді, сымбатты, сұлу кейіпкерлердің барлығы Осaму Тедзукa салған мангадан бастау алады. Ол «Дисней» мультфильмдерін қарап отырып, көздері үлкен кейіпкерлердің адамдарға өте ұнамды көрінетінін байқаған. Сонымен қатар, кейіпкердің көзі үлкен болған сайын оған эмоцияны да көптеп сыйдыруға болатын еді. Осaму Тедзукaның Дисней туындыларынан алған тағы бір деталі – кейіпкер шашы болатын. Ол кейіпкердің шашы арқылы да көп дүние аңғартуға болатынын түсінді.
Анимеде көз бен шаш ерекше рөл ойнайды. Мысалы, көбіне мейірімді, жақсы кейіпкерлердің көзі үлкен болса, жағымсыз кейіпкерлердің көзі қысыңқы немесе шашы көзін жауып тұрады.

Анименің қарапайым мультфильмдерден тағы бір ерекшелігі – оның секундқа бөлгендегі кадр санында. Мысалы, дәстүрлі фильмдерде бір секундта 24 кадр болады. Ал анимеде 8-12 кадр арасында. Бұл Осaму Тедзукaға аниме сериалын түсіру үшін бөлінген қаржының аздығынан болған деседі. Жалпы «аниме атасы» саналатын Тедзука Дисней туындыларын өте таяз ойлы деп сынаған. Сондықтан ол интеллектуал кейіпкерлер жасауға тырысқан. Бүгінгі күнге дейін осы негізгі принциптер өзгере қойған жоқ. Осынысымен де аниме адамды өзіне баурайтын секілді.

Тұтастай қарағанда, мультфильм, аниме сынды қолдан салынып, актерлердің қатысынсыз жасалған туындылардың барлығы дерлік балаларға арналғандай көрінетіні бар. Дегенмен қарапайым мультфильмдерді солай бағалай алсақ та, анимеге қатыстырып бұл пікірді айту мүмкін емес. Анименің тағы бір ерекшелігі де осында. Мәселен, аниме жасқа, адамның жынысына да байланысты бөлінеді.

Кодомо аниме – кішкентай балаларға арналған.
Сёнен аниме – 12-ден 16-18 жас аралығындағы ұлдарға арналған.
Сёдзё аниме – 12-ден 16-18 жас аралығындағы қыздарға арналған.

Сэйнэн аниме – жас жігіттерге, жігіт ағаларына арналған.
Дзё аниме – бойжеткендерге арналған.
Толықметражды фильм аниме кинотеатрда көрсетуге арналған.
Қысқаметражды фильм аниме де кинотеатрда көрсетіледі. Бірақ ұзақтығы 30 минуттан қысқа болғандықтан, осы секілді басқа фильмдермен бірге ұсынылады.

Аниме адамның жас ерекшелігі мен жынысына қарай осылай бөлінетін болса, жанрларға мұнан да көп тарамдалады. Ертегі, комедия, тарихи, драма, меха, сэнтай, махо-сёдзё, спокон, киберпанк, паропанк, әлемдер арасындағы саяхат, мистика, идол, парапсихология, апокалиптика, махаббат, сентимальды фильм, әлеуметтік, психологиялық триллер, төбелес, детектив, жауынгерлік өнер, добуцу, отаку…


Аниме күнгейі 

Жалпы анименің жанрларынан, жыныстық және жас ерекшеліктеріне қарай бөлінуінен-ақ олардың көбінің бір-біріне жалғасқан сериалдардан тұратынын байқайсыз. Расында солай. Ал енді сериалдардың адамға пайдасы қаншалықты екені өзіңізге аян.

Сондықтан күнгей тұсы ретінде көбіне толық-метражды фильмдерді атауға болатын шығар. Бірақ, бәрін емес. Оның ішінде әсіресе Хаяо Миядзакидің туындыларын ерекше атап кету керек. Оның шығармашылығы тұтастай классикаға толы және ол тек толықметражды аниме түсіреді. Баланың дегбірін қашырмайды. Бәрі жарқын және жақсы мен жаманның аражігі толық ашылған. Оның «Елестер жетегінде», «Жүретін қамал», «Менің көршім Тоторо» сынды туындылары аниме ғана емес, әлемдік анимациялық фильмдердің алтын қорына енген. Мысалы, оның атақты «Елестер жетегінде» фильмі Берлин кинофестивалінде «Ең жақсы мультфильм» емес, «Ең жақсы фильм» ретінде марапатталған алғашқы және жалғыз толықметражды анимациялық фильм.

Сонымен қатар, аниме өз деңгейінде адамға ойлануды үйретеді. Бұл көбіне адамның жасына байланысты қасиет екенін атап өткен дұрыс. Егер анимені сюжет қуып, енді не болар екен деп көрсеңіз, сіз одан қызығушылығыңызды қанағаттандырғаннан өзге ештеңе ала алмайсыз. Сіз тек қана сценаристің құлысыз. Ал оның әрбір диалог, әрбір кадрына мән бере алсаңыз, анименің өзге әлемі ашылар еді. Тек бұл дүние екінің бірінің, тіпті жүздің бірінің ғана қолынан келуі мүмкін. Неге дейсіз ғой? Қазір, мақаладан да сюжет қумай күте тұрыңыз!..

 

Аниме теріскейі

Ғаламтор, мерзімді басылымдар, танымдық еңбектер… Қанша дүние қарастырдық. Бірақ анименің адамға пайдасы жөнінде кездескен көп сөз болмады. Оған өзімізден өзге ешкім кінәлі емес, бірақ. Бәрін ретімен айтайық…

 

Қысқа киінген сұлу қыздар…

Сөз басында анименің негізгі көрермені жасөспірімдер мен балалар екенін айтып өткіміз келеді. Көптеген аниме сериалын қарап отырып, сіз ондағы қыздардың қысқа белдемше киетінін аңдаған боларсыз. Тіпті кейде онысын жел көтеріп те кетіп жатады. Бұл анименің өте жеңіл терістігі десек те, баланың көзіне түспей қалмайды. Оны көріп өскен балалар, яғни қысқа киім киюді әбестік санамақ емес.

Сіз аниме кейіпкерлерінің ішінен ақылсыз кейіпкер таба алсаңыз да, көріксіз кейіпкер таба алмасыңызға кепілдік бере аламын (Бұл жасы ұлғайған адамдар мен қолдан жасалған, өмірде прототипі жоқ кейіпкерлерге қатыссыз сөз). Аниме суретшілері оларды барынша көркем және көпшілікке ұнамды стандартта салады. Өйткені сұлулықтың ұлттық стандарттан бөлек, әлемдік стандарты да бар ғой. Міне, осы стандартта, мінсіз салынған кейіпкерлер жасөспірімдердің бойында комплекс тудыруы мүмкін. Өйткені, мінсіз адам жоқ.

 

Сюжет шаблоны

Жасөспірім балаға алғашқы көрген аниме фильмі қатты әсер етері сөзсіз. Өйткені америкалық, еуропалық фильмдермен салыстырғанда оның оқиғасы тіптен басқа. Шиеленіске және оқыс шешімдер мен әсіре көркемдікке толы. Аталған аниме сериалды жасөспірім бала көріп бітеді. Екіншісіне ауысады. Ол да ұнайды. Бірақ алғашқы көргендегідей ол рахат сезімін ала алмайды. Осылай екінші, үшінші жалғаса береді. Неге? Өйткені аниме сериалдардың көбінің сюжеттері бірдей. Тек кейіпкерлер әртүрлі. Ондағы ойды, оқиғаны беру тәсілдері бір-бірінен айнымайды. Сондықтан аниме көруші алғашқы сезінген дәмін алу үшін аниме фильмдерді бірінен соң бірін көре беруі ықтимал. Оның үстіне сериалды анимелер өте көп бөлімнен тұрады. 100 бөлімді аниме – көрермені көп фильм үшін өте аз болып қалуы мүмкін.

Яғни сценарист сюжетті барынша созуға тырысатын болса, оның кейбір бөлімдерінде ешқандай оқиға болмайды. Мысалы «Титандар шабуылы» деп аталатын анимеде екі титанның бір-бірімен төбелесетін бөлімі 3 бөлімге бөлінген. Бұл баланың жүйке жүйесіне өте кері әсер етуі мүмкін. Тіпті екі кейіпкер арасындағы төбелес екі-үш серияға созылғанымен, бір-біріне жұдырық сілтемей кетуі де ықтимал. Олар екі-үш бөлім бойы өткен шақтарын ойлап немесе ойша соғысып тұра береді.

 

Көркем зұлымдық

Жаңа айтып кеткеніміздей, анимеде бәрі сұлу. Тіпті зұлымдық та… Жағымсыз кейіпкерлер сұлу, өте ақылды көрінеді. Сонымен қатар, олар зұлымдықтарын ақтап ала алады. Яғни сіз ондағы жақсылық пен жамандықтың арасын ажырата алмайсыз…

 

Жақсылық пен жамандық қайда?

Кеңестік реализм деп аталатын әдебиеттегі жанрға қойылған ең басты сын ондағы жақсылық пен жамандықтың аражігінің ажыратылғанында еді. Расында ХХ ғасырда жазылған қазақ әдебиетіндегі кейіпкерлер екі лагерьге бөлінеді. Жақсы, жаман. Тәуелсіздіктен кейінгі әдебиет бір адамның бойында жақсылық та, жамандық та болады деп үгіттеді. Расы да солай еді. Бірақ біз жасөспірімдер мен балалар жөнінде әңгіме қозғап отырмыз ғой…

Аниме адамдардың мінезі жағынан өмірге жақын. Бірақ оның көрермені кәмелеттік жасқа толмағандар. Олар мына әлемнің шын жүзін көруге дайын ба? Мысалы, көпшілік аниме кейіпкерлері жақсылық жасау үшін зұлымдыққа бара береді. Аниме ішінде каннибалдар туралы сериалдар да бар. Олар адамдарға өздерінің жемтігі ретінде қарайды. Әрі адам өлтіруді өздерінің парызы санайды. Каннибалдар тұрғысынан қарағанда олардың дәлелдері орынды. Бірақ біз адамбыз ғой…

Қорыта келгенде, аниме жанрында мынау жақсы, мынау жаман дейтін оқиға жоқ. Бәрі араласып кеткен. Сонымен қатар жақсылықтың толықтай жеңімпаз атануын да көре алмайсыз. Тіпті жеңіске жеткен күннің өзінде оның асқан зұлымдықпен өлтіру арқылы іске асырылуы ықтимал. Бұл бала санасында когнитивті диссонанс тудырары сөзсіз. Мысалы, ескі мультфильмдерде негізгі жағымсыз кейіпкерлер өледі. Бірақ олардың қалай өлгені көрсетілмейтін. Тіпті көбіне сол негізгі кейіпкерлер дұрыс жолға түсіп жатар еді. Бірақ, аниме заңы басқа. Мұнда бәрі үлкен өмірдегідей…

 

Тылсым күштер

Көптеген аниме сериалдары негізгі кейіпкердің тылсым күші арқылы дамиды. Кейде ол алып титанға айналуы мүмкін немесе алхимияны меңгерген. Кейбір кейіпкерлерге ғарыштан келген күш бар. Әйтеуір негізгі кейіпкерлердің ішіндегі тек өз күшіне сенетіндер өте аз.

Бұл да көрерменнің (ал көрермен жасөспірім ғой) санасына әсер етеді. Ол өзін сондай күшсіз туғанына, тылсыммен байланыса алмағанына өкінеді. Түптеп келгенде олар барлық жетістікке сондай тылсым күшпен оңай жеткісі келеді. Анименің тұтас диалогы мен сюжеті өмірдегі қатал шындықты көрсетсе де, осы тұста олар өмірден тыс.

 

Параллель немесе мифтік әлемдер

Аниме оқиғалары көбіне қолдан жасалған әлемде өрбиді. Ол жақтың заңы басқа. Мысалы, алхимия әлемі, әруақтар әлемі, барзақ әлемі немесе алып адамдар өмір сүретін әлем. Әйтеуір қарапайым әлем олардың сюжеттерінде жоқтың қасы. Бұл мәселе де жасөспірімдердің шынайы өмірден алыстауына себепкер болары сөзсіз.

Мұның бәрі сайып келгенде баланың және ата-ананың кінәсінен. Мемлекеттік кінәні де аттап өтуге болмайды. Америкада, Қытайда және бірқатар дамыған Еуропа елдерінде анименің кейбір түріне және жанрларына шектеу қойылған. Ал біздің елде барлығы ашық қолданыста. Мұны мемлекеттік тұрғыдан қателік делік. Ал бала мен ата-анаға нендей кінә артамыз?

Біз жоғарыда анименің жас ерекшелігіне қарай бөлінетінін айттық. Сонымен қатар кез келген аниме фильмнің не сериалдың бастауында, афишасында жас шектеуі жазылады. Бірақ «ит қорыған жерге әуес» дегендей, біз оған назар аудара отырып, оны жарнама деңгейінде көреміз. Бүкіл қателік осы жерден басталады.

Ата-аналар жұмыстан шаршап келіп, баласының тыныш болғанын ғана қалайды. Сосын қолына телефон, планшет береді. Олардың не көріп отырғаны қызық емес. Көріп отырған киносының, анимесінің немесе мультфильмінің жас шектеуіне назар аудармайды. Әрбір өнер туындысы, әр жанр өмір сүруге құқылы. Бірақ жас ерекшелігіне қарай тұтынуымыз керек. Олай болмаған жағдайда, ол өнер ешқандай жақсылық әкелмейді.

Досхан Жылқыбай, «Ақ желкен» журналы, №2, Ақпан, 2020 жыл

#аниме #манга
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации