Мерзімді басылым басшылары үндеу тастады

27 наурыз, 11:26

Фото: nege.kz

Қазіргідей қиын-қыстау сәтте адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмекпен бірге жалпыға қолжетімді, сенімді, сапалы ақпарат та ауадай қажет. Ал мұндай ақпаратты қашан да дәстүрлі түрде басылымдар беріп келеді.

Құрметті достар, отандастар!

Қазіргідей күрделі кезеңде біз мына жайтты байқадық: басылымдар ерекше сұранысқа ие әлеуметтік маңызы жоғары өнімге айналды. Сенімді, сапалы ақпарат нан, сүт, дәрі секілді қажет дүние болып тұр. Бізге хабарласып, хат жазатын оқырманымыз: «Газеттеріңізді таба алмай қалдық» деп жатыр. Қаланың бұрынғы басшыларының «арқасында» барлық дүңгіршектер жойылды, Төтенше жағдай талабымен күні бүгінге дейін газетімізді таратуға септескен жеке кәсіпкерлердің азық-түлік сатпайтын дүкендері жабылды.

Дәл қазіргі сәтте біз өзіміздің аса керек екенімізді сезінеміз. Себебі елдегі әлеуметтік жағынан әлжуаз саналатын азаматтарымыздың дені әлеуметтік желіден, интернеттегі ақпарат құралдарынан қағылған. Телеарна мен радиодан тараған ақпар көбіне есте қалмай жатады. Егде адамдар телеарна арқылы хабарланған «телефон желілері» туралы ақпарды жаттай алмайды. Президент пен үкіметтің төтенше жағдай кезінде шығарған заңдары, құқықтық актілері, қаулысының бәрін көзбен көріп, көңілге тоқымай, миға қонбайтыны анық. Мұндай ақпарат – басылымдардың құзырындағы дүние. Көпшілікке түсіндіру, оқырманын тәрибелеу, билік пен халық арасында «алтын көпір» орнату – қашан да тасқа басылған әр сөзіне жауапты басылымдардың маңызды міндеті.

Міне, осындай келелі қоғамдық қызметі бар басылымдар бұқаралық ақпарат құралдарының карантин шектеуінен ең көп зардап шеккен саласы болып отыр. Біз газеттерді Алматы мен Нұр-Сұлтаннан тыс аумақтарға жеткізе алмай отырмыз, бұл қалалардың өзінде басылымдарды тарататын нүктелер, барлық көтерме сауда дүкендері мен, сауда орындары жабылған. Ал біздің оқырманымыздың дені – қазір үкімет тарапынан қамқорлық пен көмекке (оның ішінде ақпараттық көмекке!) зәру жандар, жасына байланысты індет алдында қауқарсыз «тәуекел тобына» жататын азаматтар.  Және біздің оқырманымыздың басым бөлігі қоршауда қалған Нұр-Сұлтан мен Алматыдан шалғайда тұрады.

Қазір көптеген отандасымыз секілді басылым редакциясы да төтенше жағдайда, мүмкіндіктерін сарқа жұмыс істеуде. Көп басылым жабылып қалудың, жұмысты уақытша тоқтатудың аз-ақ алдында тұр. Газеттің әр санын бұл соңғысы шығар деген қауіппен шығарамыз. Бірақ оқырманға керек екенімізді, әлем мен еліміздің басына туған осындай қиын күндерде қоғамға пайда әкелетінімізді сезінсек, жұмысымызды тоқтатпаймыз, шағын тиражбен болса да қоғам игілігі үшін газет шығаруды жалғастырамыз.

Біз әдеттегідей тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуге әзірміз. Біз әдеттегідей майданның алдыңғы шебінде індетпен күресіп жатқандармен біргеміз. Дәл қазір бізге сенімді, пайдалы әрі өзекті мақалалар мен жаңалықтарды оқырманға жеткізу жағынан көмек ауадай қажет болып тұр.

Осы аптада Алматыда «Бiз бiргемiз» атты ауқымды шара басталды. Оның аясында қамқорлыққа мұқтаж, жалғызілікті қарттар мен зейнеткерлер азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Біздің редакцияларымыз да осы шараға қосылып, азық-түлік қоржынына өз өнімдерін қосуға әзір. Бұлай істеуге еш қиындық жоқ. Өйткені азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізіп беруді «Қазпошта» АҚ мойнына алды. Бұл мекеме жазылған оқырманға газет-журнал таратумен де айналысады. Біз сонымен бірге газеттердің әр санын арзан бағамен сатуға дайын ірі сауда орындары мен азық-түлік дүкендерін де әріптестікке шақырамыз.

Біз сіздермен біргеміз. Біз ақпарат тарату, адами және қоғамдық құндылықтарды қорғау, мемлекет пен оның азаматтарының денсаулығы мен салауатының сақшысы болу секілді кәсіби міндеттерімізді адал атқаруға дайынбыз.

«Время», «Алматы ақшамы», «Антенна Казахстан», «Аргументы и факты – Казахстан», Jas Qazaq, «Вечерний Алматы», «Караван», «Комсомольская правда – Казахстан», «МК – Казахстан», «Новая газета – Казахстан», «Новое поколение» газеттерінің редакциясы.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации