«Мемлекет Робин Гудтың рөлін атқаруы тиіс»

15 мамыр, 09:43

Фото: ғаламтордан

Табыс салығы – заңды немесе жеке тұлғалардың табысына салынады. Алайда, соңғы кезде мұның қалтаға салмақ салатынын айтып жүргендер көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу жайында тапсырма берген.

Қазақстан Президентінің пікірінше, бұл жаңалықтың мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Білуімізше, мұндай жүйе бірқатар мемлекетте бар. Осы тұрғыда бұрын 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығын 10 пайыз шамасында төлесе, енді  7 пайызға теңестірілмек. Айына 300 мың теңгеден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақталатын болды.

Бұл жаңалыққа жалақы аз алатындар қуанса, 300 мыңнан 1,5 млн теңге алатындар бастапқыда түсінбеді. Ал енді жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы мүмкін.

Экономист Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында әлемде тенденция пайда болды.

Т.Есіркепов

«Оның бірден-бірі – әлеуметтік жіктің ұлғайып бара жатқаны. Мысалы, Брикс елдерінде жүргізілген зерттеуде халықтың 80-90 пайызын жіктің шектен тыс көбеюі мазалаған. Яғни, бай мен кедей деп бөлінетін қоғамға қайта келе жатырмыз».

«1960-70 жылдардан бастап айырмашылық біліне бастады. Оның шегі соңғы жылдары асқақтап кетті. Әлемдегі арнайы зерттеу орталықтарының мәліметіне қарасақ, бүкіл халықтың байлығы 1 пайыз байлардың қолына көшкен. Саясаткерлер: «Бұл капитализм өзінің шегіне жеткен шығар, бәлкім, бізге басқа құрылыс керек пе?» деген сауал қойды. Біреулер капитализмге, енді бірі социализмге өтуі керек деді. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Кеңес үкіметі кезінде негізінен теңдік үстемдік етті. Тіпті, әлеуметтік жік алшақтығы байқалмады. Өкініштісі, бұл жік бізде бірден пайда болды», – дейді экономист.

Оның айтуынша, әлеуметтік жік жекешелендіру кезінде өрши түскен. «Кеңес одағы кезінде мемлекет меншігіндегі зауыт-фабрикалар жекешелендірудің «арқасында» санаулы топтың қолына өтті. Сол кезде жік бірден ажырап, айқындалды. Әлі күнге жасырған болады, бірақ тайға таңба басқандай көрініп тұр. Мысалы, ашық ақпарат көздерінде басқа мемлекеттердің табыс салығы, байларына салынатын салығы, кедейшілік деңгейі, бәрі-бәрі жарияланады. Ал біздің мемлекеттің осы тұрғыдағы ақпараты жабық. Неге жабулы? Қазір билік ауысқан тұста кімнің қолында не барын көріп отырмыз. Форбс тізімінде Қазақстанның бес байының аты жүр. Одан басқа байларды елуліктің ішінен табасыз. Ал ортасы қайда? Бұлар Қазақстанда жасырын атпен жүргізіліп жатқан бизнесте, екіншісі шетелдегі оффшорда. Соған қарамастан, елімізде 2001 жылы бірінші, 2006-2007 жылы екінші, 2016-2017 жылы үшінші амнистия жасалды. Бұл заңсыз жолмен шетелге алып кеткен табысты, мүлікті заңдастыру болатын. 

Түбінде прогресивті салық деген дұрыс. Себебі дамыған елдің бәрінде салықтың осы түрін құптайды. Алайда, бұл мәселені көтеруге ерте емес пе? Екіншіден, індет тарап, төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілді. Мына Ресейде кәсіпорындардың 60-70 пайызы банкротқа ұшырап жатыр. Бізде ше? Өзін-өзі қамтамасыз ету жағынан екі елдің экономикасын салыстыруға келмейді. Алайда, байлар қиналып, халық табыссыз қалып жатқан тұста, прогресивті салық туралы айту ертерек сияқты» деп түйіндеді пікірін.

Ал GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, әлем елдері дәл осы прогресивті салық түрін ең қолайлы деп танып отыр.

М.Халық

«Себебі, бәріне теңдей болса, теңдікті көрсетеді делінді. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Қоғамда табысы аз азаматтар көп. Тіпті, 50-60 мың теңге жалақы алатындар баршылық. Олардан 10 пайыз табыс салығын ұстап қалу қаншалықты тиімді? Олар үшін 5-10 мың теңге ауадай қажет. Ал орташа табыс, яғни 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындардан 7 пайыз, 300 мыңнан 2 млн теңгеге дейін 10 пайыз, тіпті 3 млн теңгеге дейін табыс табатындар үшін 15 пайыз салық ұстау дұрыс. Осы мәселеге қатысты біраз пікірлер оқыдым. Қарсы болып жатқандардың дені – 1 млн теңгеден жоғары табыс табатындар. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Президент салықтың көп мөлшерде болмайтынын дер кезінде халықтың алдына шығып айтты. Бұл жылына 25 млн теңгеден артық табыс табатын азамматтарға қатысты деді. Президенттің осы пікірі көңілге қонымды. Себебі, экономикада прогресивті салықтың пайызы көп болып кетпеуі керек.

«Экономикада Лаффер деген ғалымның салық бойынша жазған «Лаффер қисығы»  деген еңбегінде: «Егер мемлекет салық мөлшерлемесінің пайызын жоғарылатып жіберсе, кіріс көп түспейді, керісінше, салықтан жалтаратындар көбейеді» деген. Өйткені, нарықтық экономиканың артықшылықтары – бәсекелестіктің, сапаның жақсаруы, тұтынушының таңдай алу қабілетінің болуы. Бірақ оның кемшілігі бар, ол – жұмыспен қамтуға кепілдік бермейді. Тағы бір осал тұсы – қоғамды байлар мен кедейлерге бөліп тастайды. Байлар байи береді, кедейлер кедейлене түседі. Осы жерде мемлекет Робин Гудтың рөлін атқарып, байлардан ақша алып, заңды түрде әлеуметтік осал топтарға бөліп береді. Шынында да, мұны мемлекет істемей, кім істейді?».

Байсың ба, байлығыңмен бөліс. Жасыратыны жоқ, зәулім үйлері бар байлар салық төлеуден жалтарады. Шетелден вила, яхта сатып алып қойғаны көп. Бірақ мемлекетке салық төлемейді. Ол бай сол ақшаны Қазақстанда тапты ғой. Заң бойынша табысының оннан бір пайызын мемлекетке төлеуі керек. Сол арқылы мемлекетке кіріс кіреді, ал мемлекет оны әлеуметтік осал топ өкілдеріне бөліп береді. Бұл – дұрыс қадам. Екіншіден, прогресивті салықты көбейтіп жібермеу керек. Оны көбейтсек, 1 млн теңге табатын орта тапқа салмақ түсіп кетеді. Онсыз да орта тап Қазақстанда жоқтың қасы. Олар – 1 пайыз ғана. Сондықтан салмақты өте бай адамдарға түсірейік. Елбасы бір пікірінде «60 мың теңге алатын азаматтардың жалақысынан 10 пайыз ұстамай-ақ, 9 пайызын еңбекақы қоры арқылы қайтарып беріңдер» деген ұсыныс айтқан еді. Бұл біраз азаматтарға көмек болды», – дейді Мақсат Халық.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации