Масанчи ауылында үйінді астынан табылған жігіттің кім екені анықталды

05 наурыз, 11:53

Фото: Асылхан Мамашұлы

Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал болған күні үйінен шығып кетіп оралмаған Мұрат Масановтың көз жұмғаны белгілі болды, деп хабарлайды Азаттық.

Алматы, NEGE. Жас жігіттің әкесі баласының жоғалып кеткені туралы полицияға тоғызыншы ақпанда хабарлаған болатын. 

Туыстарының сөзінше, қақтығыстан бір-екі күн өткен соң Масанчи ауылындағы ғимараттың үйіндісі астынан табылған мәйіт Масановтың мүрдесі болып шыққан.

Мұрат Масановтың жиен ағасы Бақтияр Әбдішевтің айтуынша, қазір әулет жаназаға дайындалып жатыр.

«Осыған дейін әкесінен қан алынған. Экспертиза қорытындысы шықты, «бізге әкесі мен баланың қаны сәйкес келді» деді. Құжаттары бар, бірақ өзім әлі көрмедім. Әрине, сенгім келмейді, бірақ солай болып тұр. 5 наурызда жерлейміз», - дейді ол. 

Бұл мәселеге қатысты Жамбыл облыстық полиция департаменті мен Қордай аудандық полиция басқармасынан ақпарат алу мүмкін болмады. Екі орган да ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

Осыған дейін Мұраттың әпкесі Ақмарал Әбдірахман інісінің жанжал болған күні кешке Масанчидің жанындағы Қарасай ауылындағы туыстарына барам деп үйден шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтып еді. Оның сөзінше, бауырының өртенген көлігі 8 ақпанда Масанчи ауылының маңынан табылған. Кейін Мұрат Масановтың туысқандары прокуратура мен полицияға арыз жазған.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации