Мас жүргізушілер саны азаймай тұр

18 қыркүйек, 14:35

Фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 600-ден астам мас халде көлік басқарған жүргізушілерді анықтады,  деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері мас халде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты талаптарды қатаңдатқаны баршаңызға белгілі. Яғни бұл заңнамада көлік жүргізуші мас халде автокөлік басқарған жағдайда оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке қамауға алу шарасы көзделген. Десекте, бұған қарамастан арамызда мас халде көлік тізгіндейтіндер қатары азаймай тұр.

Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп отырады. Оның ішінде масаң күйде көлік басқару жайтын болдырмауды қатаң бақылауға алған. Тәртіп сақшылары жолдағы құқықбұзушыларға сан алуан рейдтік шараларды қолдануда. Әсіресе аудандық патрульді полиция қызметкерлері түнгі уақыттарда рейдке шығуды әдетке айналдырған. Осындай атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 614 жүргізушіні ұсталып, 606 іс сотқа жолданған.

Заң бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша хаттамалар толтырылған. Оның ішінде 524 азамат әкімшілік қамауға алынып, 48-і жүргізуші куәлігінен айырылған. Оған қоса мас күйінде көлік басқарғандар 11 жол-көлік оқиғасына себепші болған. Аталған жол-апаттары салдарынан бір адам қайтыс болып, 16 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алған. Облыстық полицейлерге жолда жүру ережелерін бұзушыларды анықтап қана қоймай, оларға түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізу міндеті де қойылды. Себебі жол-көлік оқиғалары көбіне рөлге мас күйінде отырған азаматтардың жауапсыздығынан орын алады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы жол-көлік оқиғасын туындатады. Сондықтан жолда жүргенде жол ережесін сақтап, ұдайы ұстанған жөн.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации