Күздеубаев көлігіне кімнің нөмірін тағып жүргені белгілі болды

02 наурыз, 15:17

Фото: nege.kz

19 ақпан күні Nege.kz порталында Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевқа қатысты «Шиелі аудандық сотының төрағасы кімнен жасырынып жүр?» деген мақала жарияланған. Онда сот төрағасы қызметтік көлігінің нөмірін түнде ауыстырып алатыны, көлікті жұмыстан тыс уақытта да мінетіні сөз болған.

Күздеубаевтың қызметтік көлігі

21 ақпанда осы мақалаға қатысты Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы А.Жұмамұратовтан жауап келді. Онда былай дейді:

«Қызылорда облысы, Шиелі аудандық сотының төрағасы Күздеубаев Марат Орманбекұлының қызметтік автокөлігіне қатысты 19 ақпан 2020 жылы порталда жарияланған фото суретте екі автокөлік екі жақта, яғни бірінші мемлекеттік белгімен тұрғаны аудандық сот ғимараты алдында түсірілген, ал екінші сурет Қызылорда облысы аумағында түсірілмеген.

Кеңсе меңгеруші және қызметтік автокөлік жүргізушісінің түсініктемелері алынып, олар порталда көрсетілген мемлекеттік белгіні тақпағаны, ол белгі кімге тиесілі екенін білмейтіні жайлы көрсетіп отыр.

Шиелі аудандық сотының қызметтік автокөлігі жұмыс уақытынан кейін, сенбі, жексенбі және мейрам күндері сот ғимараты ауласында тұрады.

Қызметтік автокөліктерді пайдалану ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және соттардың қызметін қамтамасыз ету және дамыту бөлімдерімен үнемі бақылауда.

20 ақпан 2020 жылғы Қызылорда облыстық полиция департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының мәліметі бойынша жоғарыда көрсетілген KZ 147 EVB 13 мемлекеттік белгісі 21.08.2017 жылы Түркістан облысының тұрғыны Сулейменов Қажымухан Пулатұлының атына тіркелген TOUOTA HIGHLANDER маркалы автокөлігіне рәсімделіп, 19.09.2017 жылы есептік тіркеуден шығып кеткен.

Сондықтан, хатыңызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін таппауына байланысты, қараусыз қалдырылады».

Осы іске байланысты қолымызға тағы бір дерек келіп түсті. Жұмамұратов жауабында KZ 147 EVB 13 мемлекеттік нөмірі 2017 жылы 21 тамызда Түркістан облысының тұрғыны Қажымұрат Пулатұлы Сүлейменовтің атына тіркелгенін мойындап, «хатыңызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін таппауына байланысты қараусыз қалдырылды» деп түйіндейді. Соттар әкімшісі Жұмамұратов таппаған дәлелді өзіміз тапқандай болдық.

Қ.П.Сүлейменовтің атына тіркелген мемлекеттік нөмір

2020 жылы 29 қаңтарда Шиелі аудандық сотының төрағасы М.О.Күздеубаев ұйғарым жасаған. Сот отырысына Күздеубаевтың өзі төрағалық еткен. Хатшысы – Г.С.Қосжанова. Талап қоюшы және жауап беруші тараптардан бірнеше адам бар. Бұл – автокөлікті қайтару немесе автокөліктің құнын өндіруге қатысты азаматтық іс. Істі соттылығы бойынша Қызылорда қалалық сотына қарауға жіберу туралы өтінімді қараған сот төрағасы М.Күздеубаев былай деп ұйғарым жасайды: «Жауапкер Е.Мұхамедәліұлының өкілі – адвокат А.Садықовтың барлық біріктірілген азаматтық істерді соттылығы бойынша Қызылорда қалалық сотына жолдау туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ұйғарымға наразы жағы ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Шиелі аудандық соты арқылы Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жеке шағым, прокурорға өтінішхат келтіруге ерікті».

Ұйғарымға наразы тарап сот алқасына жеке шағым немесе прокурорға өтінішхат жолдады ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз. Ұйғарымда жауапкерлердің ішінде Қажымұқан Пулатұлы Сүлейменовтің және Пулат Сүлейменұлы Хлычевтің аты-жөндері аталады. Куәгерлер сот төрағасы М.Күздеубаевтың қызметтік көлігінен көрген әлгі мемлекеттік нөмір KZ 147 EVB 13 Қажымұқан Пулатұлы Сүлейменовтің атына тіркелген де, кейіннен есептен шығарылған. Мұны жай ғана сәйкестік деуге бола ма?

Ресми сауалымызға жауап бермей, БАҚ туралы заңға шекеден қараған Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қ.Нұрышев пен Қызылорда облыстық ПД басшысы Б.Сұлтанов және «ешқандай дәлел таппағандықтан істі қараусыз қалдырған» облыстық соттар әкімшісінің басшысы А.Жұмамұратов бұған қатысты енді не айтар екен?

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации