Құпиясы көп ұшақтың жолаушылары кімдер?

17 наурыз, 11:44

Фото: time.kz

Бортында Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев болды деген жекеменшік ұшақ Германияға емес, Ұлыбританияға ұшқан көрінеді.

Коронавирус жұқтырып алуы мүмкін деген қазақстандықтардың арасында қазір Германияда емделіп жатқан бір азамат бар. Бұл мәліметті ол науқастың аты-жөнін атамаған СІМ мен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов растады. Ал әлеуметтік желідегі топтарда шетелде ауырып жатқан адамның судья Тілектес Бәрпібаев екені туралы әңгіме өріп жүр. Дерек бойынша астаналық соттың төрағасы шетелге жеке ұшақпен ұшқан, кейін сол жақта емделуге қалған, ал оның отбасының кейбір мүшесі осы ұшақпен Қазақстанға оралған көрінеді. Қазір олардың бәрі ұшақ экипажымен қоса оқшауланған. «Время» газетінің тілшісі ұшақ туралы егжей-тегжейді біліп қана қоймай, оның Алматы әуежайына қонған кезі бейнеленген делінетін бейнежазбаны да тауыпты.

Т.Бәрпібаев

Интернетте қауіпті індетті дәл осы рейске мінген жолаушылар елге әкелді деп санайтындар да бар. Бизнес-джет санатындағы ұшақ бортында кімдердің болғаны туралы нақты мәлімет жоқ, сондықтан жолаушылардың Тілектес Бәрпібаевтың отбасы мүшесі екенін растау қиын. Дегенмен шулы рейске қатысты біршама қызық мәліметтерді табудың сәті түскен.

Алматы әуежайындағы дерек көзі бұған дейін әлеуметтік желідегі ұшақтың борт нөмірі M-TAKE дейтін мәліметті қуаттады. Бұл нөмір жекеменшік Bombardier Challenger-850 VIP-джетіне тиесілі көрінеді. Бұл ұшақ Алматы әуежайында жиі төбе көрсетеді. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қостанай және Ақтөбе әуежайларының қызметкерлері де бұл ұшақты жақсы таниды.

Блогер Денис Кривошеев бұл қымбат ұшақтың иесі Forbes миллионерлерінің тізіміндегі бизнесмен Бахаридин Аблазимов екенін айтады. Бірақ бұл ақпаратты растайтын дерек жоқ. M-TAKE борт нөмірі бар ұшақ Мэн аралында тіркелген Caropan Company SA компаниясына тиесілі. Бұл компанияның Аблазимовпен байланысын табу мүмкін болмаған.

Құпия ұшақтың жолаушылары

Есесіне, бұл ұшақтың бұған дейінгі жақын күндерде қайда ұшып-қонғаны туралы мәліметтер қолға түсіпті.  Ұшақтардың қозғалысы мен бағытын бақылайтын flightaware.com сайтының көмегімен дәл осы жекеменшік ұшақтың Еуропаға ұшқаны анықталған.

Сайт деректеріне сәйкес, 28 ақпанда Алматыдан ұшып шыққан ұшақ Нұр-Сұлтанға аялдаған соң, сол күні Минск қаласына қонған. Беларусь әуежайында жанармай құйып алған ұшақ Берлин қаласындағы Шёнефельд әуежайына бет алған.  Ол жерде үш  сағаттай тұрған ұшақ әрі қарай Ла-Маншты басып ұшып, Лондон әуежайының бірі Лутонға тұмсық тірепті. Жолаушылардың бір бөлігі Германияда қалып, өзгелері Англияға ұшып баруы да мүмкін.

Лутоннан ұшақ қайтадан Минскіге ұшып барып, жанармай құйып алған соң Алматыға бағыт алған. Мұнда ұшақ бір апта тұрған соң, 9 наурызда жоғарыда сөз болған бағытпен Берлинге қайта  ұшқан. Ұшақ Қазақстанға 12 наурызда қонған. Бортта кімдердің болғаны, Бәрпібаев мен оның отбасының мүшесі болған-болмағаны әзірге белгісіз.

Газет редакциясына бар-жоғы 20 секунд болатын бейнежазба келіп түсіпті. Мұны сол ұшақтың жолушыларының бірі түсіруі мүмкін деп топшылаған бейнежазбада адамдардың ұшақтан Алматы әуежайына түсіп жатқаны көрінеді. Ұшақты қорғаныш костюмдерін киген дәрігерлер мен тіпті... мұздай қаруланған тәртіп сақшылары да қоршауға алған.

«Бір жағынан бұл сол кезде-ақ Қазақстанда жолашылардың бірі коронавирус жұқтырып алуы мүмкін екенін білгенін, соған орай сақтық шараларын қамдап отырғанын көрсетеді. Бірақ екінші жағынан, бұл жағдай күштік құрылымдар ұйымдастырған арнайы операцияға да ұқсайды. Бұл біздің топшылауымыз екенін баса айтқымыз келеді. Астанада Тілектес Бәрпібаевтың өте жоғары лауазымға үміткер ретінде қарастырылғаны туралы сөз біраздан бері жүр» деп жазады «Время» тілшісі.

Әлдекім қалалық соттың судьясының шетелге шыққаны, ол үшін жекеменшік ұшақты жалдағаны туралы ақпаратты пайдаланғысы келуі де әбден мүмкін. Оның үстіне кез келген адамның мемлекеттік шекарадан асқаны туралы мәлімет ҰҚК құрамындағы Шекара қызметінде болады, оның үстіне ұшақта Бәрпібаевтың туыстары болғаны туралы алғаш болып өте құпия мәліметтерді жиі жариялайтын бір телеграм-арна хабарлаған еді.

«Кімнің қандай бас пайдасын көздейтіні бізді аса қызықтырмайды. Бір анығы әзірге аты-жөндері анықталмаған кәсіпкерлер жоғары лауазымды шенділерге жекеменшік ұшақтарын лауға жиі береді. Ал бұл жемқорлықпен астасып жатқан күмәнді іс екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Алматы мен Лондон немесе Берлин арасындағы осындай саяхаттың құны 120-150 мың доллар. Бұл пара берудің бір түрі болса ше? Егер шынымен солай болса, мемлекеттік қызметкердің тәртіптік жауаптан да ауыр қылмыстық жазаға тарту керек болады»

Мұны дәлелдеу қиынға соқпайды. Жолаушылардың тізімін алып, экипаж мүшелерін тергеуге шақырып, жол шығынын кім төлегенін анықтаса жетіп жатыр. Тіпті ұшақ иесі – Мэн аралында тіркелген Caropan Company SA компаниясының кассасына осы саяхат үшін ақша түскен күннің өзінде, оны кім төлегені, ол ақшалардың қаншалықты заңды жолмен табылғаны, жалпы судьяның қалтасында 120-150 мың доллардың қайдан жүргені жайлы деректер елге қызық болары әбден анық.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации