ҚР Әскери соты Сарыарқаның желінен қорқып, Мемлекеттік туды ауыстырмай жүр news video

20 ақпан, 14:24

ҚР Мемлекеттік рәміздер туралы заңының 13-бап, 1-тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп жазылған. Ал құрметтемегендер қатаң жазаға ұшырайды. Ол мемлекеттік мекеме болса, әңгіме тіптен басқа. Заңның дәл осы тармағы ҚР әскери сотының қаперінен шығып кеткен сыңайлы.

Бүгін редакцияға Баймолда Ринат есімді азамат хабарласты. Патриоттық сезімін бәрінен жоғары қойған оқырманымыз «Елордадағы ҚР әскери сотының маңдайшасындағы ту мүлдем жарамсыз болып қалған» деп жан-айқайын жеткізді. Ринаттың айтуынша, мәселенің мән-жайын білмек ниетте мекемеге кірсе ешкім құлақ аспай, нақты жауап бермей қойған. Ол кейіннен ұялы телефонмен фото-бейне деректерін жинап, бізге жіберді.

Аталған мәселеге орай, құзырлы мекеменің баспасөз қызметіне хабарласып, бірнеше сұрақ қойдық. «Мемлекеттік рәміздерді жаңартуға жыл сайын бюджеттен қанша қаржы қарастырылады?» деген сауалымыз жауапсыз қалыпты.

«ҚР Әскери соты ғимаратының маңдайшасында орналасқан мемлекеттік тудың жай-күйі туралы біз хабардармыз. Нұр-Сұлтан қаласында ауа-райының күрт нашарлауына және қатты бұрқасын желдің болуына байланысты ғимараттың жан-жағында орналасқан ағаштардың бұтақтары ұшып, мемлекеттік тудың ерте тозуына себеп болды» дейді баспасөз қызметінің өкілі.

Сарырқаның желіне тек қана Әскери соттың маңдайшасындағы мемлекеттік рәміздің шыдас бермегені ойландырады. Біз сауал жолдағанда баспасөз қызметінің өкілі бұл жайдан хабардар екенін жеткізген. «Неге жаңаға ауыспай жатыр» деген сұраққа мынадай жауап келді.

«Қазіргі таңда қардың көп түсуіне және ауа-райының қолайсыздығына байланысты арнайы құрылғылардың көмегінсіз мемлекеттік туды ауыстыру мүмкін емес. Ал, арнайы техника мен биіктікте жұмыс жасайтын бригадалар қатты құрқасын жел болған жағдайда жұмыс жасамайтыны баршамызға мәлім» дейді ҚР Әскери соты.  

Тағы белгілі болғаны, ғимараттың маңдайшасында орналасқан мемлекеттік ту 2019 жылдың қараша айында ауыстырылған. 3 айдың ішінде тозған ту енді ерте көктемде ғана ауысуы мүмкін. Өйткені ҚР әскери соты «Ауа-райының қолайына қарай мемлекеттік ту жақын арада ауыстырылады» деп мәлімдеді. Бас қаланың ауа-райы көктемде жылына бастайды. Ал, Нұр-Сұлтанға көктем кеш келеді...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации